Драма театрындағы өрт-тактикалық жаттығуы

Драма театрындағы  өрт-тактикалық жаттығуы

Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында өрт-тактикалық жаттығуы өткізілді. Шартты өртті сөндіру жұмыстарын шымкенттік өрт сөндірушілер жүргізді.

Өрт-тактикалық жаттығудың тактикалық тұрғысына сәйкес, өрт театр сахнасында орын алды. Театрда спектакль көрсетілуде, залда 350 көрермен бар. Автоматты өрт сөндіру жүйесі жұмыс істемеді. Сахна бөлігі  қатты түтінге оранып, сахна планшетінің жануы орын алды. Кезекші оқиға туралы дереу театр басшылығына хабарлайды. Нысан әкімшілігі дүрбелеңнің алдын алу және көрермендерді эвакуациялау бойынша шаралар қабылдайды. Деректемелер мен декорацияларды қауіпсіз жерге эвакуациялау және өртті алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жою бойынша шаралар қабылдап,  өрт орын алғандығы туралы  «101» қызметіне   хабарлайды.

Шартты өрт орнына күштер мен құралдар жөнелтілді. Оқиға орнына жетіп, жедел штаб құрылды және өртті сөндіруге екі ошақ белгіленді. Шартты өртті сөндіруге 14 өрт сөндіру есептері жолданып, олар тез арада шартты өртті сөндіруге кірісті. Осылайша өрт сөндірушілер тек өртті сөндіріп ғана қоймай, өрттің одан әрі таралуына да жол бермеді. 

          Жаттығу барысына Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі С. Шойманов бақылау жасап, соңында жеке құрамның, сондай-ақ театр қызметкерлерінің іс-әрекетіне толық талдау жасады.

 Шымкент қ. ТЖД қоғаммен байланыс тобы