Азаматтық қорғау академиясында 487 курсант жаңа оқу жылын бастады

Азаматтық қорғау академиясында 487 курсант жаңа оқу жылын бастады

2023 жылдың 1 қыркүйегінде Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында Білім күніне арналған салтанатты жиын өтіп, 487 курсант жаңа оқу жылын бастады.

Биылғы оқу жылы Академия үшін ерекше. Оқу орнына алғаш рет «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша қыздар қабылданды. 4 жыл оқудан кейін олар лейтенант арнайы шенін алады. Биылғы жылы Академия 120 курсант қабылдады. Оның 4-і қыз бала, 20 курсант Ресей мен Беларусь Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандандырылған жоғары оқу орындарына жіберілген.

Салтанатты шарада Академия бастығы полковник Е.Әлібеков жеке құрамға құттықтау сөз сөйлеп, жаңа оқу жылымен құттықтап, курсанттарға табандылық, өз күштеріне сенімділік және жаңа белестерді бағындыруды тіледі.

       Сондай-ақ, азаматтық қорғау ардагері С.А.Асылбеков, Академияның ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Ж.Райымбеков, Академия бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі К.К.Кәрменов болашақ құтқарушыларды білім күнімен құттықтады.

     Курсанттар атынан сөз алған қатардағы жауынгер Ж.Мұхтаров: «1 курс курсанттары үшін биылғы оқу жылы ерекше. Бұл - жаңа өмір жолының басы. Еліміздегі білікті құтқарушыларды даярлайтын жалғыз жоғары оқу орнында білім алу - біз үшін үлкен мақтаныш», - деді.

      Мерекелік шара салтанатты маршпен аяқталды.

      Барлық қызметкерлерді, профессор-оқытушылар құрамын, курсанттарды және жаңа оқу жылын бастаған баршаңызды Білім күнімен құттықтаймыз! Сізге зор денсаулық, жақсылық тілейміз! Барлық ойлар мен жоспарлар орындалып, жаңа оқу жылы жемісті де табысты болсын!

ҚР ТЖМ

Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының

 баспасөз қызметі