«Толик аға....»

«Толик аға....»

2021 жылдың 26 тамызындағы қайғылы оқиғаның салдарынан біз, яғни өрт сөндірушілер ұжымы тағы бір керемет жаннан айырылып қалдық. Қызметтік борышын орындау кезінде Жамбыл облысы ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруш-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Тәңірберген Құдайбергенұлы Төребеков ерлікпен қаза тапты. Ол азаматтық қорғау қызметінде 2004 жылдан бастап қызмет атқарып келе жатқан болатын. Осы уақыт ішінде Төребек өрт сөндіру ісінің нағыз маманы ғана емес, әрқайсымыз үшін керемет дос бола болды. Ол көптеген жас жігіттердің тәлімгері болды, кәсіби өрт сөндірушілердің үлкен бір буынын тәрбиелеуге айтарлықтай үлес қосты. Барлығы оны еркелетіп «Толик тәте немесе Толик аға» деп атайтын. Ол әрқашан қиын кезеңдердің барлығында алдыңғы қатардан табылатын. Толик өз жұмысын жанындай сүйетін еді. Өзінің батырға тән аңғалдығы өзіне жарасып-ақ тұратын. Ешкімнің көңілін қалдырмай, барлығына бірдей көмегін тигізуге асығатын адал жан еді. Ол бұған дейін өзінің ерлігі мен батырлығын бірнеше рет көрсетіп те үлгерген болатын. Мысалы, 2018 жылдың 11 мамырында 07 сағат 29 минутта "101" телефонына Тараз қаласы, Төле би көшесінде болған 9 қабатты үйдегі өрт туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 2 бөлімшесі және бір АЛ-32 автосатысы жөнелтілген. Сол күні Тәңірберген Торебеков та кезекшілікте болатын. Оқиға орнына келіп жеткен от жауынгерлері шұғыл жүргізілген барлау жұмыстарынан 4-қабаттағы қоймада өрт орын алғанын анықтайды. Өрт сөндіруші-құтқарушылардың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып атқарған үйлесімді іс-әрекеттерінің арқасында автосаты көмегімен жоғарғы қабаттардан 3 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылады. Атап айтқанда, өрт сөндірушілер 38 адамды қауіпсіз көшірген. Олардың 12-сі балалар болатын. Жалпы, өртті сөндіруге жеке құрамнан 11 адам және 4 бірлік техника жұмылдырылды. Сонымен қатар "1 Б" оқпаны қолданылды және газ-түтіннен қорғау қызметінің 1 буыны ұйымдастырылды. Сондай-ақ, бұл уақытта оқиға орнына өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету қызметі мен жедел жәрдем көлігі де келіп жеткен еді. Жедел жәрдем мамандары 4 азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіп, олардың жағдайын медицина қызметкерлері қанағаттанарлық деп бағалап, зардап шеккендерді үйлеріне жібереді. Өрт аумағы 5 шаршы метрді құраған. Нәтижесінде өрт 07 сағат 42 минутта ауыздықталып, 07 сағат 45 минут ішінде жойылды. Міне, осы өрт оқиғасының бел ортасында жүрген Тәңірберген өзін дәл осы жолы да жоғары дәрежедегі маман ретінде таныта білді. Соңдай-ақ, 2019 жылғы 27 ақпанда 06 сағат 21 минутта,Тараз қаласы, "Мыңбұлақ" мөлтек ауданы (9) № 62 үй мекен-жайында орналасқан көп пәтерлі тұрғын үйде жарылыс орын алғандығы туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дабыл белгісі бойынша Тараз қаласының гарнизонының шығу кестесіне сәйкес жоғары шақырту бойынша (№2 рангалы) тиісті күштер мен құралдар жөнелтілді. Сол күні кезекшілікте, аға өрт сөндіруші-құтқарушы Т.Торебеков та болды. Ол жеке құраммен бірге оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен. Оқиға орнына келген бойда өрт сөндіру жетекшісімен №3 жоғары шақыру жарияланды. Күрделі жағдайды және тәуліктің қараңғы уақытын, сондай-ақ құрылыс нысанының беріктігін ескере отырып, Тәңірберген өзінің әріптестерімен бірге авариялық-құтқару және іздестіру жұмыстарына кірісті. Осылайша, білікті және дұрыс жүргізілген әрекеттердің нәтижесінде апат орын алған үйдің үш тұрғыны құтқарылып, медицина қызметінің қызметкерлеріне тапсырылып, 135 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Тағдырға не шара?! Біз үшін әлі күнге дейін біздің Толик көңілдерде күлімсіреген қалпы адал, ақкөңіл адам болып қала берері сөзсіз. Төребек біздің жадымызда мәңгілік сақталары анық. Артында қалған 3 ұлы мен , қаза болғаннан кейін дүниеге келген көптен күткен қызы және әріптесері үшін ғана емес Тәңірберген елі үшін ең басты ҚАҺАРМАН болып қала бермек. Елі үшін құрбан болған есіл ерлеріміздің жандары жәннатта болғай!

 

 

Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі