
Сол қайығылы күні Тараз қаласы №3 Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы азаматтық қорғау майоры Сергей Владимирович Заикин де кезекшілікте тұрған болатын. Сергей Владимирович 2008 жылғы 11 желтоқсаннан бастап азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің қатарында қызмет атқарған болатын. Еңбек жолын Байзақ ауданы ТЖБ инженері қызметінен бастаған Сергей кейін Тараз қаласының Төтенше Жағдайлар басқармасында 9 жыл қызмет атқарған. Одан әрі Жамбыл ауданына инженер болып, тағдырдың қалауымен 2019 жылдың қараша айында ол Тараз қаласының №2 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің инженері лауазымына ауыстырылды. Ал осы 2021 жылдың сәуір айында ол Тараз қаласының №3 Өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы лауазымына тағайындалған еді. Сергей Владимирович өте жарқын жүзді, мейірімді, сабырлы және жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын жан болатын. Сергей ТЖ басқармасында жұмыс атқарғандығына қармастан өрт сөндіру қызметіне де жылдам үйренісіп кетеді. Ол қысқа мерзімде жаңа ұжымға қосылып, пікірлес адамдар тауып, әріптестерімен бірге бірнеше өрттерді жоюға қатысады. Осы жылдар ішінде Сергей Заикин өз саласының нағыз маманыеа айналған еді. Ол өзін бірнеше рет жан-жақты және жоғары интеллектуалды адам ретінде таныта білді. Көптеген өрттерді жою және авариялық-құтқару жұмыстары барысында күштер мен құралдарды сауатты басқарды, сондай-ақ өзі өрт апатымен батыл шайқасты. Өкінішке орай, 2021 жылдың 26 тамызы Сергей үшін де оның соңғы кезекшілігі болып шықты. Оның соңында жұбайы, он төрт жасар ұлы қалды. Ол бейбіт күнде туындаған апаттан халық зардап шекпесін деп өз өмірін қиды. Антына адал Сергей секілді азаматтар өрт сөндірушілердің жүрегінде мәңгілік сақталары сөзсіз!
Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі