
Жамбыл облысы ТЖД "ӨСжАҚЖҚ" ММ Тараз қаласы №3 Өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Сандыбаев Елдос Қадырбайұлы 2021 жылдың 26 тамызда Отан алдында қабылдаған антына адал болып, борышын орындау барысында қаза тапты. Елдос 2013 жылдың маусым айынан бері азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің қатарында қызмет етіп жүрген болатын. Дәл осы орны толмас қайғы болар күні ол әріптестерімен бірге оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткен. Соған қарамастан, ол өзінің қызметтік міндетін өмірінің соңына дейін орындады. Бірақ, өкінішке орай ол осы шақыртудан арамызға қайта оралмады. Егер Елдос Қадырбайұлы туралы еске түсірер болсақ ол өте сабырлы, ақкөңіл және тапсырылған істі мұқият тындырып, кез-келген нәрсеге жауапкершілікпен қарайтын жан еді. Ал қызмет еткен жылдары әртүрлі сипаттағы өрттер мен төтенше жағдайларды жою барысында өзін нағыз кәсіпқой маман ретінде көрсетті. Осындай бір оқиғаларға тоқталсақ, 2019 жылдың 9 наурызында 01 сағат 17 минутта күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының телефон нөміріне Тараз қаласы, Тындыбеков көшесі №29 үйде өрт оқиғасы орын алғандығы жөнінде хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінің күштері мен құралдары шұғыл жөнелтіледі. Олар оқиға орнына жақындаған сәттен бастап барлау жүргізіп, жеткен соң жалындаған өртке оранған үй ішінде 5 адамның қалып қойғандығын анықтайды. Бұл уақытта оқиға орнына №3 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы азаматтық қорғау сержанты Сандыбаев Елдос Қадырбайұлы да келген болатын. Ол өзге әріптестерімен бірге адамдарды құтқару үшін газ-түтіннен қорғау қызметі буынының құрамында өртке оранған үй ішіне кіреді. Көмейді бітеп, тынысты тарылтатын, әрі ыстығы бет шарпитын жалынның ішіне қойып кеткен жігіттер, есікті бұзып, 3 жасөспірім бала мен 2 әйелді сыртқа алып шығады. Өз кезегінде оларға тиісінше дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, нәтижесінде әлгі адамдар дін аман қалады. Міне осындай от жауынгерлерінің кәсіби біліктіліктерін қолдана отырып, өздерінің функционалдық міндеттерін сауатты атқару барысында үй тұрғындары құтқарылып, өрт дер езінде жойылады. Сондай-ақ 2018 жылдың маусым айында Жамбыл ауданы, Бесағаш ауылындағы таулы аумақта табиғи өрт оқиғасы орын алған. Желдің күшеюі салдарынан өрт одан әрі ушығып, көлемді аумаққа жайылып, өртті сөндіру айтарлықтай қиындық туғызады. Міне, осындай қиындыққа қарамастан қарауыл бастығының тапсырмасымен Елдос Сандыбаев күштер мен құралдарды өрт ошағына тиісінше бағыттап, жеке құрам да тәжірибелі түрде өрт сөндіру жұмыстарымен айналысып, нәжисінде жайылған өрт одан әрі Қырғыз Республикасы жеріне өтіп кету қаупі жойылады. Елдос болашағынан үлкен үміт күттіретін, қызметіне адал жандардың бірі еді. Амал нешік...сұм тағдырға шара бар ма?! Жас өмір қыршын кетті... Жаның жәннатта шалқысын Елдос!
Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі