Қайсарлығымен есте қалған Әділет

Қайсарлығымен есте қалған Әділет

Өрт сөндірушілердің жұмысы - бұл өзге жандарды құтқару барысында өз өмірі мен денсаулығына кез-келген уақытта қауіп төнуі ықтимал аса бір күрделі мамандық. Аталған мамандықта қызмет атқаратын жігіттер өзгелерден  батылдық, ержүректілік және жауапкершілікті толық сезіне білу секілді қасиеттерімен ерекшеленеді.  Олар әрдайым қайсарлық мінез бітістерін қалыптастырып,  физикалық тұрғыдан өздерін үнемі дамытып отыратыны айтапаса да белгілі. Себебі олар кез-келген сын сағат соққанда өзгеге көмек қолын созуға дайын болуы қажет.

Бүгін, біз сіздерді Байзақ ауданындағы әскери бөлімде орын алған апатта ерлікпен қаза тапқан Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің Тараз қаласының №4 Өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Әділбек Әділет Қанатбекұлының бұған дейін  атқарған еңбегімен таныстырмақпыз.

Әділбек 2015 жылдың тамыз айынан бастап азаматтық қорғау органдарында жұмыс атқарған еді. Қызмет өткеру уақытында ол өзінің қызметтік міндеттерін сапалы, уақтылы және толық деңгейде орындай білетін сауатты маман ретінде көрсете білді. 

Әділет Қанатбекұлының батылдығын айғақтай түсетін өрттердің бірі 2021 жылдың 1 шілдесінде Тараз қаласындағы резіңке дөңгелектер жинайтын қоймадағы өрт оқиғасы болатын. "101" телефонына облыс орталығы Мәмбет батыр көшесінде өрт оқиғасы орын алғандығы туралы хабарлама келіп түседі. Оқиға орнына қалалық өрт сөндіру бөлімдерінің күштері мен құралдары шұғыл жөнелтілген. Бөлімшелер шақырту орнына келгеннен кейін жалпы ауданы 250 шаршы метр болатын қойма қызыл жалынға оранғандығы анықталған. Сондай-ақ өрттің көршілес орналасқан өзге нысандарға жайылу қаупі туындаған. Ал бұл оқиға өз кезегінде адам өміріне қауіп төндіруі немесе жарақаттануына әкеп соғуы мүмкін еді. Газ-түтіннен қорғау қызметі буынының қатарында болған Әділет Әділбек бет шарпитын қызыл жалын мен көзді ашытып, қолқаны қабатын қою қара түтінге қарамастан су оқпандарын қолданып, өрттің дер кезінде сөндірілуіне үлес қосады.   Осы өртті жою барысында өрт сөндірушілердің батыл және жедел әрекеттерінің арқасында өртке жақын маңдағы қойма бөлмелері мен өндірістік аймақтың шаруашылық объектілеріне тілсіз жаудың таралуының алдын алып, сонымен бірге өртті жоюға, осылайша залалды азайтуға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ  2020 жылдың 25 шілдесінде 21 сағат 24 минутта Тараз қаласы, Әбдібаев көшесіндегі екі қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтердің өртенгені туралы хабарлама келіп түседі. Сол күні кезекшілікке түскен Әділет те жеке құраммен бірге оқиға орнына келіп жеткен. Шақыру орнына келген соң, өрттің бүкіл пәтер ішіне жайылғаны анықталады. Осыған қарамастан, А.Әділбек әріптестерімен бірге жанып жатқан пәтерге батылдықпен кіріп, адамдарды іздеу жұмыстарына кіріскен. Бақыттарына орай, пәтерде адам болмаған. Дегенмен құрамында Әділет секілді қайратты  әрі епті, бойында жастық күші тасыған өрт сөндірушілердің сауатты және жедел іс-әрекеттерінің арқасында жақын орналасқан пәтерлерге өрттің жайылу қаупі сейілген.  

Иә... бірақ 2021 жылғы 26 тамызы  Әділеттің өміріндегі соңғы өрт оқиғасы болатынын өзі де өзгелер де білмеді. Әділет өзінің мамандығына, Отан алдындағы антына адал болды. Ол әрдайым өз мамандығын сүйетін қайсар жан ретінде жүректерде сақталары сөзсіз.

 

 

Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі