ШҚО су айдындарында адамдар өз күштерін асыра бағалау себебінен қаза болып жатады

ШҚО су айдындарында адамдар өз күштерін асыра бағалау себебінен қаза болып жатады

ШҚО ТЖД мамандары су айдындарында азаматтардың қаза болу фактілеріне талдау жүргізді. Жаздың басынан бері аймақта 6 адам суға батып кетті. Олардың 5-уі өз күштерін асыра бағалау себебінен болды. Барлық жазатайым оқиғалар рұқсат етілмеген жағажайларда тіркелгенін ескерген жөн.

Төтенше жағдайлар қызметінің мәліметтері бойынша жақсы жүзе алатын адам инфарктке, инсультке шалдығып, сондай-ақ күн өтіп, естен тануы мүмкін. Сондықтан тәуекелге барудың және өз мүмкіндіктеріңізді асыра бағалаудың қажеті жоқ.

"Жаз бойы біз халыққа түбі зерттелмеген, кезекші құтқарушылары жоқ, ағыны күшті су айдындарында шомылу өте қауіпті екенін хабарлаймыз. Су айдындарындағы оқиғалардың алдын алу мақсатында біз 2900-ден астам рейд ұйымдастырдық, 15000-нан астам адамға нұсқау бердік. Шомылу маусымының соңына дейін апта сайын суда патрульдеу жүргізілді. Отбасымен демалу кезінде балаларға ерекше назар аудару керек. Оларды бір минутқа да көзден таса қылуға  болмайды", - деп ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов түсіндірді.

Алдын алудан басқа, полиция қызметкерлерімен бірлесіп патрульдеу жүргізу кезінде бұзушыларға "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" ҚР Кодексінің 364, 412, 582, 440-баптарына сәйкес әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылды. 73 құқық бұзушы айыппұл түрінде және 37 - ескерту түрінде жауапкершілікке тартылды.  

ШҚО ТЖД су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды сұрайды:

- тек жабдықталған жағажайларда жүзу қажет;

- жүзе алмасаңыз, суға кірмеңіз;

- шомылу кезінде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыз;

- қалқымалар мен қоршау белгілерінен алыс жүзбеңіз;

- қайықтар мен кемелерге жақын жүзбеңіз;

- қайықтардан, көпірлерден және айлақтардан суға секірмеңіз;

- түнде және мас күйінде шомылуға болмайды

- балаларды бір минутқа қараусыз қалдырмаңыз.

Төтенше жағдай кезінде 112 нөмірі бойынша хабарлаңыз.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі