Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті волонтерлік ұйымдармен бірлесіп, 2023-2024 жылғы жылу беру кезеңін қауіпсіз өткізуге дайындықтың басталуына байланысты 2023 жылдың 15 тамызында Қонаев қаласында тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Әр үйде өрт қауіпсіздігі» атты кең ауқымды акция өтті.
Қонаев қаласының орталық алаңында жеке құрам алдында Алматы облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Самат Кенжехан сөз сөйледі. Ол жылу беру маусымына дайындық кезінде өрт қауіпсіздігі мәселесі маңызды екеніне тоқталып, «өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіру мақсатында саяжай секторы мен тұрғын үй аумақтарын аралау қажет» екеніне ерекше назар аудару қажет екенін атап айтты.
Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сапқа тұру аяқталғаннан кейін дәл осы бағытта жұмыс істеді. Саяжайларға барып, оны аралау барысында тұрғындарға қатты отынмен жұмыс істейтін пештерді пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік осал топтары өкілдері тұратын үйлер де тексерілді.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі