Кіші Алматы көлінде кезекшілік кезінде ТЖМ құтқарушылары ер адамды құтқарды

Кіші Алматы көлінде кезекшілік кезінде  ТЖМ құтқарушылары ер адамды құтқарды

Оқиға 2023 жылғы 16 шілдеде  сағат 16.55-те Кіші Алматы көлінде болды. Отыз жастағы ер адам отбасымен суда құтқару станциясына қарама-қарсы жағалауда демалып, бейтаныс адаммен дауласып, көлді жүзіп өту туралы шешім қабылдады.

ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары көзбен шолып тексеру кезінде жағадан 20 метр қашықтықта суда жүзіп жүрген екі ер адамды көрді. Сүңгуір құтқарушы мегафонмен бұл жерде жүзуге тыйым салынғанын ескерте бастады. Ер адамдар сөзге құлақ асып, кері жағаға жүзді. Моторлы қайықтағы екі құтқарушы профилактикалық әңгіме жүргізу үшін ер адамдарға қарай жүзді. Сол кезде кері жүзіп бара жатқандардың бірі жағаға жете берген кезде су астына кетті. Құтқарушылар суға батып бара жатқан адамның артынан қайықтан көлге бірден секіріп, оны алдымен су бетіне, содан кейін жағаға шығарды. Одан әрі құтқарушылар ер адамға алғашқы көмек көрсетіп, жүрек-өкпе реанимациясын жүргізе бастады. Алғашқы көмек уақытында көрсетіліп, жедел жәрдем бригадасы келген кезде зардап шеккен адам тыныс ала бастады.

ТЖМ құтқарушылары азаматтарға тыйым салынған жерлерде, жабдықталмаған жағажайларда шомылуға болмайтынын ескертеді. Мұқият және сақ болыңыздар! Әсіресе, егер сіз балалармен судың жанында демалсаңыздар, сақтық шараларын сақтаңыздар. Егер сіз төтенше жағдайға тап болсаңыздар немесе оған куә болсаңыздар, «112» бірыңғай жедел телефонына қоңырау шалыңыздар.

 

 

ҚР ТЖМ РЖҚЖ баспасөз қызметі