
2023 жылғы 11 шілдеде Алматы облысындағы жұмыс сапары барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Шиповский Генадий Генадьевич Қонаев қаласының №1 өрт сөндіру бөліміне және Талғар қаласының №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барды. Депутаттың сапары "Қазақстан Республикасының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі 2022-2024 жылдарға арналған Жол картасын" іске асыру пункттерін орындау шеңберінде өтті. Жұмыс кездесуі барысында халық қалаулысы проблемалық мәселелерді көрсете отырып техникалық жарақтандырумен, жеке құрамның қызметімен, өрт сөндіру-құтқару бөлімшесінің жарақтандырылуымен танысты, сондай-ақ жеке құраммен әңгімелесу өткізді.
Сапардың негізгі мақсаты - кадрлық, жеке құрамды әлеуметтік қамтамасыз ету, зейнеткерлік жас, материалдық-техникалық жарақтандыру мәселесі. Алматы облысы ТЖД басшылығы мен аумақтық бөлімшелердің басшылығы Мәжіліс депутатын ведомствоның қызметімен таныстырды. Алматы облысының аумағын өртке қарсы қорғауды мемлекеттік өртке қарсы қызметтің 13 өрт сөндіру бөлімшесі қамтамасыз ететіні жеткізілді, проблемалық мәселелер талқыланды.
Мәжіліс депутаты қызметтің төтенше жағдайларға дайындығын оң бағалады және өрт сөндірушілерге қиын қызметтерінде табыс тіледі.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі