
2023 жылдың 28-30 маусымы аралығында Атырау қаласында өткен Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт-құтқару спорты бойынша жаөспірімдер арасындағы XIII жазғы чемпионатына Жамбыл облысының жасөспірімдер командасы да белсенді қатысты. Айта кеткен жөн, аталған чемпионатқа республика бойынша 16 команда қатысты. Жамбыл облысының жасөспірімдер арасындағы құрама командасы мен ересектер құрама комнадасына бүгінде Сарысу ауданы №16 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Айдильда Ескендір жетекшілік етуде. Е.Айдильда өртке қарсы қызмет саласында 20 жылдан астам қызмет атқарып келеді. Ол өрт-құтқару спорты бойынша және спорттың кик-бокс түрінен спорт шеберіне үміткер. Бір қызығы өрт-құтқару спорты бойынша жасөспірімдер командасының құрамында Ескендірдің үлкен ұлы Нұрислам да өзінің бағын сынады. Нұрислам бүгінде 14 жаста. Аталған спорт түріне ол жастайынан ерекше қызыққан екен. Сондықтан үнемі әкесінің жанында жүріп, аталған спорттың қыр-сырын жақсы меңгерген. Нұрислам осы чемпионатта өзінің бар біліктілігін танытып, «оқу мұнарасына шабуылдық сатымен көтерілу сайысында» жүлделі үшінші орынды иеленді.
Бір қызығы Ескендірдің кіші ұлы, бүгінде небәрі 9 жастағы Нұрәділ де дәл осы Атырау қаласында өткен чемпионатта «ең жас спортшы» номинациясын иеленді. Осылайша бір үйдің үш батыры бүгінде облыстың намысын көтеріп жүр десек қателеспейміз. Ендеше, әке көрген оқ жонар демекші, әкесі тәлімгерлік ететін құрама командада жүрген жігіттердің одан әрі талай белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз! Жеңістерің құтты болсын жігіттер!
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және
авариялық-құтқару жұмыстар қызметінің
Қоғаммен байланыс тобы