Жұмысына жауапты жан

Жұмысына жауапты жан

Өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, қызметіне құрметпен қарау нағыз кәсіби маманның ісі болса керек. Бауыржан атамыз айтпақшы «Елі үшін ерінбей, халқы үшін жалықпай қызмет ететін» азаматтар елімізде баршылық. Сондай жұмысына жауапты жанның бірі Жандос Едресов. Ол Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын кентінде №22 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі болып қызмет етеді.

Азаматтық қорғау аға сержанты Жандос Ділдәбекұлы 1993 жылы Қостанай облысының Семиозер ауданына қарасты Семиозер ауылында дүниеге келген. Ол 1999-2006 жылдары №2 Аманқарағай орта мектебінде, ал кейін №28 Құсмұрын орта мектебінде білім алған.

– 2011-2015 жылдар аралығында З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінде оқып, «Заңгер» мамандығын меңгердім. 2015-2016 жылдары ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара академиясы 2466 әскери бөлімінде Отан алдындағы азаматтық борышымды өтедім. 2017 жылы Қостанай облысы ТЖД «ӨСжәне АҚЖҚ» ММ Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрын кентінде №22 өрт сөндіру бекетінде өрт сөндіруші болып қызметке орналастым. 2019 жылдан бастап қазірге дейін осы өрт сөндіру бекетінде бөлімше командирі болып қызмет етіп жүрмін, – деді кейіпкеріміз сұхбат барысында.

Жандос жұмыс пен оқуды қатар алып жүрді. 2018-2020 жылдары А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде оқып, «Электроэнергетик» мамандығын меңгерген. Ізденімпаздық пен еңбекқорлық адам бойынан табылса, ол тек биік белестерге ұмтылатыны анық.

Әкесі Ділдәбек Сейітбатталұлы электровоз машинистінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Анасы Кенжегүл Тайырқызы №1 Құсмұрын орта мектебінде мұғалім. Жандостың ағасы Райымбек Әулиекөл ауылының әкімі. Жұбайымен екі бала тәрбиелеп отыр. Жандос жұбайы Амангүл екеуі Әльтаир атты ұл өсіріп отырған жас отбасы.

Ол қолы бос уақытында футбол ойнағанды ұнатады. Жергілікті футбол құрама командасының белді мүшесі. Аудандық және облыстық түрлі жарыста бірнеше рет жүлделі орынға ие болған.

– Әлі есімде... 2022 жылдың күзі. Түнгі 2-лер шамасында Өрт сөндіру қызметіне қоңырау келіп түсті. Жеке үй секторынан өрт шығыпты. Біз екі бірдей өрт сөндіру көлігімен оқиға орнына шұғыл аттандық. Өрт үйдің шатырынан аспанға өршіп жанып жатыр екен. Көршілер үйде адам болуы мүмкін десті. Әуелі барлау жұмысын жүргіздік. Өрт тоқтың қысқа тұйықталуынан шықса керек. Монша мен үйдің қабырғасы жапсарласа орналасқан екен. Сондықтан да бара сала бірден тоқты ажыраттық. Біз ошақтағы отты сөндіріп жатқанда әріптестеріміз терезе арқылы кіріп, үйден екі адамды алып шықты. Жасы алпыстан асқан әйел адамда тіршіліктің нышаны байқалмады. Ал елулердегі ер адам қатты иістеніп қалса керек. Есінен танып қалыпты. Біз оларды жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырдық. Зардап шегушілерді ауруханаға алып кетті.

Мен ас бөлмесінде тұрған газ баллонды сыртқа алып шықтым. Қатты қызып тұр екен. Жарылып кетпес үшін суық сумен салқындаттық. Жалпы, осы оқиғаға екі өрт сөндіру көлігі мен алты адам жұмылдырылды. Күн сайын осындай өрт сөндіру оқиғаларына куә боламыз, – деді ол.

Былтыр болған Басаман орманындағы алапат өртті сөндіруге Жандос та қатысты. Еліміздің бірнеше облысынан өрт сөндірушілер көмекке келген болатын.

– 2022 жылдың екінші қыркүйек күні орманнан өрт шыққаны жайлы хабары келіп түсті. Біз оқиға орнына жеделдетіп жеттік. Бірден өрт сөндіру қызметіне кірісіп кеттік. Ертеңіне бізді Озерный ауылына жіберді. Біз онда қыркүйектің 3-10-ы аралығында жұмыс істедік. Онда өрт тиген төрт үй мен бір ғимаратты қызыл жалыннан құтқарып қалдық. Ал Аманқарағай ауылына басқа өрт сөндірушілер тобы аттанды. Қостанай облысының орман өртін сөндіруге жергілікті Төтенше жағдайлар департаментімен қатар, Солтүстік Қазақстан облысы, Ақмола облысы, Астана қаласы және Қарағанды облысынан өрт сөндірушілер көмекке келді, – деді өрт сөндіруші.

Күн сайын өрт сөндіріп жүрген кейіпкеріміз Азаматтық қорғау саласында жетінші жыл қатарынан жұмыс істеп жүр. Жас маманның өзінен үлкен аға буыннан үйренгені де, үйренері де көп. Шалғай ауылдағы өрт сөндіруші өз қызметін мақтан тұтады.

"Қазақстан құтқарушылары" журналы, №4 (76), сәуір 2023 жыл