
...Бір қолында түбі сынған бөтелке. Жақындарына тап-тап береді... Төртінші қабаттан төменге секіріп кететінін айтып, қорқытып қояды. Терезе жақтауына мініп алған жігіт әп-сәтте төңіректі у-шуға көмді. Жиналған жұрт «айналайынын» айтып, полицейлер оны ақылға шақырып әлек. Сөзге құлақ асар түрі жоқ. Кенет...
Суицидке жол жоқ!
...Кенет оқиға орнына құтқарушылар да келіп жетті. Құқық қорғау қызметкерлерінен аз-кем мән-жайды біліп алған соң, олар бірден іске кірісті. Келіскеніндей, полиция қызметкерлері суицид жасамақ болған жігітті алдаусыратып тұрған кезде құтқарушылар зу етіп подъездге кіріп кетті. Сыртта өткен өмір, қалған көңіл жайлы әңгіме өрбіп жатқанда олар бесінші қабатқа баспалдақ арқылы асқан жылдамдықпен жүгіріп шықты. Ондағы тұрғынға өтініш білдіріп, терезе арқылы төртінші қабатқа түсуді жоспарлады. Әйтпесе, онсыз да ашу-ызаға булыққан жігіттің үйіне есік арқылы кіру мүмкін емес еді. Құтқарушы Айбол арнайы қызметтік арқанды беліне байлап, терезеден төменге түсіп бара жатты. Қалған екі құтқарушы арқанның екінші ұшын беліне байлап, сақтандырып тұрды. Тағы біреуі Айболдың төменге түсуіне көмектесіп, арқанды аз-аздан босатып тұрды. Былай қарағанда қаншама іс-әрекет. Бірақ бәрі де кинодағыдай өте жылдам болды. Әлгі жігіт жерде жиналған жұрттың жоғарыға қараған назарынан байқады ма, әлде салбырап төмен түсіп келе жатқан құтқарушыны аңғарып қалды ма, әйтеуір қолына ұстаған сынған бөтелкені сермеп кеп қалды... Жиналған жұрт шу ете қалды...
– Астында өзімді қауіп күтіп тұрғанын сездім. Өзін өзі өлтірмек болған адам біреуді аяй ма? Оның үстіне суицид жасауға көбіне психикалық ауытқуы бар немесе адамды мас қылатын ішімдік ішкен не есірткі пайдаланғандар бейім болады. Күйзелістен не ашу-ызадан мұндайға баратындар аз.
Мен барлық қарсылыққа дайын болдым. Бұрын спортпен шұғылданғанымның осындайда пайдасы көп. Ол маған сынған бөтелкені сұғып алмақ болып ұмтылғанда мен оның қолын теуіп үлгердім. Ол жалма-жан әлгі бөтелке сынығын өзіне тықпақ болғанда мен терезе жақтауына аяқ тіреп, бір аяғыммен оның қолын басып қалдым. Бәрі санаулы секундтар арасында болды. Сол сәтте есік алдында күтіп тұрған полицейлер кіріп келіп, дереу қолына кісен салды. Сонда да дес бергісі келмеген 20 жастағы жігітті жабылып жерге жатқыздық. Аздап сабырға келген соң тәртіп сақшылары алып кетті. Пәтерде әлгі жігіттің әжесі, анасы, қарындасы және аяғы ауыр келіншегі бар екен. Олар қорыққаннан бір бұрышқа жиналып қалыпты. Жылап отырған жақындарынан құқық қызметкерлері жауап алып жатты. Біз өз қызметтік міндетімізді орындап, келесі шақыртуға кетіп бара жаттық, – деді құтқарушы Айбол Отарбаев.
Бұл 2023 жылдың наурыз айында Петропавл қаласында болған құтқару оқиғасы болатын. Кешкі сағат 20.00 шамасы. СҚО ТЖД «ӨСжәнеАҚЖҚ» ММ Петропавл қаласы Жедел құтқару жасағының бөлімше басшысы Айбол Отарбаев бастаған құтқарушылар оқиға орнына дер кезінде жетіп, шұғыл әрекет етті. Ешкім зардап шеккен жоқ. Өзіне ғана емес, жақындарына да қауіп төндірген адамды кәсіби шеберлікпен тоқтата білген құтқарушылар мен құқық қорғау қызметкерлеріне әлгі жігіттің туыстары мен тұрғындар алғыс білдірді.
«Әкеге қарап ұл өсер...»
Айбол жыл сайын дәстүрлі түрде Қонаев қаласында өтетін «Қазқұтқарушы» спорттық сайысының тұрақты қатысушысы. Командалық есепте қаншама рет жүлделі орындарды қанжығаға байлап қайтты. Аталған сайыста топ жару үшін жылдамдық пен ептілік, күш-жігер мен ширақтық және қайсар да өжет мінез керек. Айболдың бойында мұның бәрі бар. Кезінде спорттың самбо, қоян-қолтық ұрыс және грек-рим күресімен шұғылданған.
Ол 1990 жылы ШҚО Өскемен қаласында дүниеге келген. Айбол Манарбекұлы СҚО Жамбыл ауданының Преснов ауылында 1-6 сынып аралығында білім алады. Кейін 7-11 сыныптарды Петропавл қаласындағы спортқа дарынды балаларға арналған Солтүстік Қазақстан облыстық мектепте оқиды. Білім ордасында «Грек-рим күресінен спорт шеберлігіне үміткер» атағына ие болды. Ал 2009-2011 жылы Павлодар заң колледжінен «Заңгер» мамандығын меңгеріп шығады. 2011-2012 жылдар аралығында СҚО бойынша ҚАЖД Петропавл қаласында Пробация қызметінде инспектор болып қызмет етеді. Әрі қарай Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаментінде жұмысын жалғастырады. Азаматтық қорғау қызметінің Жедел құтқару жасағында 2015 жылдан бері қызмет етеді.
Ол министрлік пен департамент атынан бірнеше рет мақтау қағазы мен алғыс хатқа ие болған. Күн сайын түрлі төтенше жағдай мен ірі жол апаттарына куә болып, сол құтқару жұмысының қаһарманы ретінде қаншама адамға көмек қолын созған құтқарушылардың қызметі нағыз құрмет пен қошеметке лайық мамандық деп ойлаймын.
Бұл қызметке келуіне бірден-бір ықпал еткен әкенің берген тәлімді тәрбиесі болар. Айболдың әкесі Манарбек марқұм кезінде Құқық қорғау қызметінде талай жыл қызмет еткен полиция майоры болған екен. Ал анасы Роза ұл-қыздарының бойына білім мен тәрбиені қатар сіңірген мейірімді ана. Айболдың қарындасы Лаура өмірден өз орнын тапқан бақытты ана, аяулы жар. Ол бастауыш сынып мұғалімі мамандығын меңгерген. Бүгінде Халыққа қызмет көрсету орталығында қызмет етеді. Айбол өскен отбасында адалдық пен әділдік, қазақылық пен еңбексүйгіштік үнемі бірінші орында тұратын. Ата-ананың тәрбиесі мен отбасының жылулығы адамды қызметте де биік жетістіктерге жетелері анық. Оның қызметте білікті басшы, кәсіби маман, тәжірибелі құтқарушы болуының сыры да осында болар.
Сарсаңға салған саңырауқұлақ
– Әлі есімде... 2017 жылдың көктемі. Құтқару қызметіне сағат 20.00 шамасында жергілікті Белое ауылы мен Баркей шағын ауданы арасындағы орманда адасып кеткен бір тұрғын көмек сұрап хабарласты. Айтылған екі мекен жайдың арасы 7-8 шақырым. Біз дереу жолға шықтық. Орман шетіне көлігімізді қалдырып, ары қарай жаяулатып іздеу-құтқару жұмыстарына кірістік.
Басында телефон сигналы арқылы бағыт-бағдар алып отырдық. Кейін жоғалған ер адамның телефон қуаты таусылып, байланыс үзілді. Бірақ біз үміт үзбей, іздеуді жалғастыра бердік. Орманда жабайы қабандар өмір сүреді. Олар адасқан адамға атылуы мүмкін. Қорқыныш... Қараңғылық... Айдалада, орман ішінде жалғыз қалудың өзін елестету қиын ғой...
Үш құтқарушы үш жақтап іздеп келеміз. Бір-бірімізден адасып қалмас үшін арақашықтықты бір деңгейде ұстап отырдық. Саңырауқұлақ теремін деп орман ішінде адасқан елу жастан асқан ер кісі жауап берер деген ниетпен дауыстап айғайлап отырдық. Қол шамымызды әр бұрышқа салып, іздеп келеміз, іздеп келеміз...
Түнгі сағат төрттер шамасында біздің айғайымызға жауап ретінде әлдекімнің алыстан талып естілген дауысын естігендей болдық. Қараңғы түнде жаңғырық болуы да мүмкін. Не де болса бағытты солай қарай бұрдық. Біраз адымдаған соң, тоқтап тағы айғай салдық. Бағытымыз дұрыс екен. Ол кісі де дауысы қарлыға айқайлап қояды. Дауыс шыққан жаққа қарай жүгіре жөнелдік.
Бір ағаштың қасында шарасыз халде отырған ел ағасы бізді көріп, қуанғаннан орнынан атып тұрып, бізді кезек-кезек құшақтады... Ол бізге хабарласпай тұрып, үнемі келіп жүрген орманнан өзім-ақ жол табамын деп ойлап, көп жүріпті. Жүрген сайын, ауылдан алыстап, адасып кете барған. Өз бетінше орманнан шыға алмасына әбден көзі жетіп, адасқанын мойындаған соң барып, құтқару қызметіне қоңырау шалыпты. Қараңғыда елегізіп, оның үстіне ерте көктемнің суығына тоңып қалмайын деп әрі-бері тағы жүріпті. Содан әбден қалжырап, шаршап, бір ағаштың түбіне жантайған. Сол арада қалғып кетсе керек. Селк етіп оянғанда алыстан түскен шам жарығы мен құтқарушылардың айғайын естіпті. Орнынан тұрып, бізге қарсы жүруге әл-дәрмені болмаған. Бізді көріп, жас балаша қуанып кетті. Оны қос қолтығынан демеп, орманнан аман-есен алып шықтық. Көлікке демалып-демалып әрең жеттік. Оған жылы жамылғы жауып, ыстық шай бердік. Ол кісі өзі медицина саласының маманы екен. Денсаулығына ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, сосын үйіне жеткізіп салдық. Ол бізге алғысын жаудырып қала берді, – деп еске алды Айбол Отарбаев.
Кепілдікке алынғандар...
– Бізге 2017 жылдың көктемінде Петропавл қаласының бір тұрғыны хабарласты. Жиырма жастағы ұлын 40 жастағы көршісі кепілдікке алыпты. Қолында суық қаруы бар көрінеді. Оқиға орнына жедел жеттік. Полиция қызметкерлерімен бірлесіп әрекет еттік. Әлгі кісінің балконынан ішке түсіп, қолындағы пышағын алып үлгердім. Сол кезде полицейлер де қолын кісендеп, енді бірі жас жігітті қауіпсіз жерге алып кетті. Анасы ұлын құшақтап, жылап тұрды. Бізге қайта-қайта алғысын айтып қала берді. Әлгі қамал бұзар жастағы кісі ішімдікке сылқия тойып алса керек. Ары қарай полицейлер тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізді, – деп тағы бір оқиғаны еске алды бүгінгі күннің батыры.
Әңгімесі қызықты болғаны сондай, құдды құтқарушылар туралы бір фильм көріп отырғандай болдық. Бізге бірқатар құтқару операциясын айтып берді. Оның ішінде жан-жануарларға көмектескен оқиғасы да көп. Адасқан елікті, үй жануарларын құтқарған кездері тым әсерлі әрі қызықты екен. Одан бөлек көктем уақытында өз анасын кепілдікке алған бойжеткен мен өз әжесін кепілдікте ұстаған немере ұлдың оқиғасы психикалық ауытқу немесе психологиялық ауруларға байланысты болған екен. Көктем кезінде ауруы асқынған ондай науқастар тіпті туысын, туған анасы мен әжесін танымай қалып, түрлі әрекетке баратын көрінеді. Мұндайда жергілікті полицейлер мен құтқарушылар бірігіп, тізе қосып, әрекет етеді.
– Құтқарушы болу үшін адам бойынан батылдық, өжеттік және адалдық атты қасиеттер табылуы қажет. Сонымен қатар, физикалық және психологиялық дайындықта болуың өте маңызды. Өкінішке қарай, кейде су түбінен немесе ірі жол апаттарында адам мәйітін алып шығуға тура келеді. Мұндайда құтқарушы психологиялық жағынан дайын болғаны жөн. Ал физикалық даярлық айтпаса да түсінікті шығар. Құтқару жұмысында ширақтық пен шыдамдылық, батылдық пен күш-жігер, ептілік пен адалдық керек. Кейде адамдарды ажал аузынан арашалап қалатын да кезіміз болады. Алғашқы медициналық көмек көрсетіп, шұғыл және дұрыс шешім қабылдай отырып, дәрігерлердің қолына тапсырамыз. Жалпы, қиындығы мен қауіптілігіне қарамай, қызметімді қатты жақсы көремін, – деді қаһарман құтқарушы ағынан жарылып.
Саналы ғұмырын құтқару қызметіне арнаған Айбол Отарбаевтың бұл алғашқы не соңғы ерлігі емес. Бұған дейін де көптеген құтқару жұмысына бел шешіп, білек сыбана кіріскен. Бұдан кейін де тәуекелшіл құтқарушы кейіпкеріміз талай жанды тіктеп келген қауіп пен қатерден аман-есен құтқарып, адамдардың алғыс, батасын ала бермек деп сенеміз.
"Қазақстан құтқарушылары" журналы, № 4(76), сәуір 2023 ж.