
Бір бойына батылдық пен өжеттікті жинаған Ардақ Айтпаевпен болған сұхбатта сүңгуірліктің сырын ұғып, құтқарушының қиын да қауіпті жұмысымен жақынырақ таныстық. Оның әрбір сөзінен қызметіне деген ерекше құрметі байқалып тұрды.
Естен кетпес естелік
Зілзаладан зардап шеккен бауырлас түрік елінде құтқару жұмысына қатысқан құтқарушыларымыз мемлекеттік наградалармен марапатталған. Соның бірі «Құрмет» орденінің иегері Ардақ Айтпаев. Ол Астана қаласы ТЖД «ӨСжәнеАҚЖҚ» ММ Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары болып қызмет етеді.
Ардақ Мақсұтұлы Төтенше жағдайлар саласында он үш жылдан бері қызмет етіп келеді. І санатты құтқарушы және І санатты сүңгуір. Ардақ бала кезден алғыр да өжет болып өскен. Спортты өміріне серік етіп, алдына үлкен арман-мақсат қоя білген жан. Өз ісінің білгірі, кәсіби маман. Ол Түркияның Нұрдағы қаласында алпыстан аса қазақстандық құтқарушы маманның жұмылған жұдырықтай ауызбіршілікте жұмыс істеуіне жауапты болды. Керек кезінде дәл және жедел шешім қабылдай білді.
– Біз Түркияның Газиантеп қаласына екінші эшалонмен жеттік. Сосын ол жерден 60 шақырым жердегі Нұрдағы қаласына бардық. Бара сала құтқару қызметіне кірісіп кеттік. Ондағы 62 қазақстандық құтқарушыға мен жауапты болдым. Қарағанды және Астана қаласының құтқарушылары он күннен аса уақыт құтқару жұмысын жүргіздік. Алдымен дауыстап айғайлап, сосын үнсіз бірнеше минут тың тыңдаймыз. Құтқару жұмысына арнайы авариялық-құтқару қызметтік құралдарды пайдаландық. Бірінші тәулікте үш бірдей адамды үйінді астынан аман-есен шығардық. Үшінші қабатта тұратын, жас шамасы 45-тегі ер адам жер сілкінісі болғанда тұрғын үй жермен-жексен қирап, жертөледен бір-ақ шыққан. Бір аяғы мен бір қолын плита басып, қысылып қалған екен. Оны дереу құтқарып, дәрігерлерге тапсырдық. Кейін анасы мен қызын қиранды астынан аман алып шықтық. Олар да үшінші қабат тұрғындары екен. Зілзала кезінде үйдің бір бұрышына тұра қалыпты. Екеуінде жырылған жеңіл жарақаттар ғана болды. Қираған үйінділер астынан 11 адамның мәйітін алып шықтық. Өкінішке қарай, арасында бейкүнә сәбилер де бар... – деп ауыр күрсінді құтқарушы.
Қазақ халқы «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деп тегін айтпаса керек. Түркия еліндегі алапат жер дүмпуінен аман қалғандар еріксіз осы мақалды еске түсіреді екен. Қыстың күні шатырды паналаған құтқарушылардың да еңбегі ерен. Мамандығына деген адалдығын қашан, қай жерде болса да, таныта білген нағыз бейбіт күннің батырлары дерсің. Құтқарушыларға түнгі суықтан гөрі, баспанасыз тентіреген жергілікті тұрғындардың қиын тағдыры жанға батты...
– Біз құтқару жұмыстарын жүргізіп жатқан үйіндінің дәл қасында жапсарласа орналасқан көпқабатты үй авариялық жағдайда болды. Қай кезде құлап кетері белгісіз. Ет пен сүйектен жаралған адам ретінде, үйде бізді де күтіп отырған отбасымызды ойлап, бірінші күні іштей аздап алаңдаушылық болғаны рас. Десек те қызметтік міндетімізді орындау барысында оның бәрін ұмыттық. Бар жан-тәнімізбен құтқару қызметіне білек сыбана кірісіп кеттік, – деді ол үзілген әңгімесін жалғап.
Қауіпсіздік қаперде болсын!
Ардақ түрлі апат пен төтенше жағдайда құтқару жұмысын талай мәрте атқарды. Сүңгуір ретінде қаншама рет суға кеткен адамды алып шықты. Жалпы, суға батып кеткен адамды алғашқы үш күнде белсенді түрде іздейді екен. Одан кейін жеті күн тағы іздеу жұмыстары жалғасады. Сүңгуір Есіл және Нұра өзендеріне суға кеткен адамдарды іздеу-құтқару жұмыстарының бірін айтып берді.
– 2018 жылдың жазы болатын... Таңғы сағат 9-дар шамасы... Бізге Астана қаласындағы Сарыарқа көпірінен Есіл өзеніне біреудің құлап кеткені туралы ақпар келіп түсті. Бақылау биіктігінен кезекшілікте тұрған қызметкер байқап қалған екен. Оқиға орнына катермен жеделдетіп жеттік. Суицид жасаған адамды тауып, жағаға алып шықтық. Жас шамасы елудегі ер адам екен. Ол ес-түссіз жатты. Мен дереу жасанды тыныс алдыруға кірістім. Қырынан жатқызып, жұтып қойған суын шығардық. Қысқасы, әріптесім екеуміз екі жақтап оған алғашқы медициналық көмек көрсеттік. Сосын зардап шегушіні жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырдық, – деп еске алды ол.
«Әкеге қарап ұл өсер...»
Ардақ Айтпаев 1991 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келді. Ол 2006-2010 жылдар аралығында Қарағанды политехникалық колледжінде «Техник-құтқарушы» мамандығы бойынша білім алады. 2011 жылы Астана қаласындағы «Суда құтқару қызметі» мемлекеттік мекемесіне сүңгуір болып қызметке орналасады. Жас маман қызмет пен оқуды қатар алып жүреді. 2014 жылы А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде «Қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік әрекеттері» мамандығы бойынша білім алады. 2015-2019 жылдары ҚР ІІМ ТЖК «Орталық аймақтық аэромобильді жедел құтқару жасағы» ММ Суда құтқару бөлімінің бас құтқарушысы болып қызмет атқарады. Ал 2019 жылы бұл мекеменің атауы ҚР ТЖМ Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Жедел құтқару жасағы болып өзгереді. Ол 2021-2022 жылдары аралығында «Құтқару» бөлімінің бастығы болып қызмет етті. Ел алғысына бөленіп жүрген абыройлы мамандық иесі 2015 жылы ҚР ІІМ алғыс хатымен марапатталса, 2017 жылы «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне ие болған.
Ардақтың әкесі Мақсұт электрмонтаждаушы болып жұмыс істесе, анасы Дәметкен орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Олар үш баланы тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы. Әкенің өрелі ой-өрісі мен ананың мейірімі олардың өмірден өз орнын табуына ықпал етті. Ардақ бүгінде жұбайы Гауһар екеуі Әмірхан, Имран, Темірхан атты ұлдарды тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Заңгер мамандығын меңгерген әйелі оның қызметтік міндетін мінсіз орындауы үшін үнемі қолдау көрсетіп отырады.
Жедел құтқару жасағында құтқарушы болу адамнан қайсарлық пен шыдамдылықты, жылдамдық пен күш-жігерді талап етеді. Олар тәуекелге бел буып, қажыр-қайратты жиып, төтенше жағдайдан зардап шеккендерді түрлі апаттан құтқарады. Адам аяғы жете бермейтін тау мен тасты, дала мен орманды кезіп, адасқан адамдарды іздеу-құтқару жұмысын жүргізеді. Түрлі табиғат апатынан да, суға батқандарды да құтқарады. Жалпы, құтқарушы болу үшін физикалық та, психологиялық та дайындық керек-ақ. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз Ардақтың бойынан осы қасиеттердің барлығы дерлік табылады. Оны біз әңгіме барысында байқадық...
"Қазақстан құтқарушылары" журналы, № 4(76), сәуір 2023 ж.