Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнін мерекелеу құрметіне Астана қаласының Асқар Забикулин атындағы № 6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша БАҚ қызметкерлері арасында IIІ республикалық чемпионаты өтті. Биыл аталмыш іс-шараға бекітілген ережеге сәйкес республикалық чемпионаттың ресми мәртебесі берілді.
Іс-шараны Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шарипханов пен Ақпарат және қоғамдық даму министрінің көмекшісі Жасұлан Өмірәлі ашты. Олар БАҚ-қа орасан зор еңбегі үшін алғыс айтып, ізгі тілектерін білдірді. ТЖ Министрі өзінің құттықтауында журналистердің баға жетпес еңбегін, жанқиярлығын, азаматтық қорғау органдарының қызметін жариялаудағы өз міндеттерін адал орындайтындықтарын атап өтті.
Сонымен қатар іс-шараға Астана қаласы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаев, Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов, «Қазақстандық өрт сөндірушілер мен құтқарушылар спорт федерациясы» ҚБ атқарушы директоры Дәурен Данаев қатысты.
Жарысқа «Хабар», «Atameken business», «Первый канал Еуразия», «Жібек жолы» және «Қазақстан ұлттық арнасы» телеарналарының, «Казинформ», «Tengrinews.kz» және «Голос народа» ақпараттық агенттіктерінің өкілдері қатысты.
Жарыс басталар алдында өрт сөндірушілер өтетін жарысты көрнекі түрде көрсетіп, қатысушыларға толық нұсқаулық өткізді. Жарыс барысында қатысушылар өрт сөндіру жабдығымен жауынгерлік киімде берілген тапсырмаларды орындады және өздерін біраз уақыт өрт сөндірушілер нақты жағдайларда кездесетін жағдайлардағыдай әсер алып, өрт сөндіруші мен құтқарушы мамандығының барлық қиындығы мен қауіптілігін сезінді.
Жарыс БАҚ өкілдерін өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысымен таныстыру, өрт сөндіруші мен құтқарушы мамандықтарын дәріптеу, күш қолданылатын спорт түрлері мен салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлерін дене шынықтырумен және спортпен тұрақты айналысуға жаппай тарту, кәсіби қызметте дене дайындығының рөлін арттыру мақсатында өткізілді.
Барлық командаларға түтін камерасынан, кедергілерден өтіп, зардап шегушіні тауып, құтқарып, өрт сөндіру оқпанымен жұмыс жасап, зардап шегушіге медициналық көмек көрсету тапсырмалары қойылды.
Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды «Жібек жолы» арнасының құрама командасы иеленді, екінші орынды «Atameken business» қызметкерлері алды, «Первый канал Еуразия» телеарнасы үшінші орынға ие болды.
Жарыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер мен қатысушылар естелік сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды.
Чемпионат аяқталғаннан кейін журналистерге Асқар Забикулин атындағы №6 өрт сөндіру бөлімінде экскурсия өткізілді. Онда олар бөлімнің арнайы өрт сөндіру техникасымен, жауынгерлік киім-кешекпен және жабдықтармен, сондай-ақ А.Забикулиннің жеке заттары сақталатын бұрышымен танысты.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі