
...Суға тұншыққан қыздың жанайқайы төңіректі у-шу қылды. Жағажайда демалып жүргендердің назары түгел сонда ауды. Қасындағы жігіт көмекке ұмтылғанмен, байбаламға салған ару екі қолын ербеңдетіп оған дес берер емес. Екеуі бірге жағадан ұзап бара жатты...
Сол сәтте құтқарушылардың моторлы қайығының гүрілі естілді. Суға бір батып, бір шығып бара жатқан әлгі екеуге алдымен құтқару шеңберін лақтырып, сосын бір құтқарушы суға секіріп түсіп, жүзе жөнелді. Жас шамасы 25-тер шамасындағы қыз бен жігітті жергілікті Жедел құтқару жасағының құтқарушылары дер кезінде құтқарып қалды.
Судағы жанайғай
– Жалпы, суға батып бара жатқан адамды құтқарудың өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Ал одан бейхабар адам өзгені құтқарамын деп, өзі де бірге суға кетуі мүмкін. Бұл оқиға дәл солай болды. Жігіт пен қыз суға түсуге рұқсат етілген арнайы қоршаудан әрі қарай өтіп кеткен екен. Су деңгейі адам бойын бойламайтын жерге кетіп қалған. Қапшағай су қоймасының түбі біртегіс емес. Кей жерлер тым терең немесе шұңқыр болуы мүмкін. Өз күшін есептей алмай қалғандықтан олар суға бата бастаған. Тіпті, суда жақсы жүзетін адамның өзі өзен-көлде ұзақ шомылуға болмайды. Өйткені адам денесі мұздап, буындарын суық ұстап, аяқ тартылуы мүмкін, – деді құтқарушы Қуаныш Қайыржанұлы.
Бұл 2022 жылдың 16 шілдесі болатын. Алматы облысы ТЖД «ӨСжәнеАҚЖҚ» ММ Қонаев қаласы құтқару бөлімшесі Жедел құтқару жасағының құтқарушылары Қуаныш Қайыржан мен Әділет Қыранбай күнделікті патрульдеу жұмысында жүрген. Олар сағат 14.45-те Қапшағай су қоймасының №7 қалалық жағажай ауданында жағадан 150 метр қашықтықта екеуі де 1997 жылы туған А. есімді жігіт пен Е. есімді қызды суға батып бара жатқан жерінен құтқарып қалған.
Біз білмейтін батырдың ерлік оқиғасы мұнымен шектелмейді. Жас маманмен сұхбатта оның екі жылдың ішінде қаншама құтқару операциясына қатысып, талай рет тәуекелге бел буғанын естідік.
– Суға түсу маусымында Қапшағай су қоймасындағы жеті бірдей жағажайды патрульдеп жүреміз. Өкінішке қарай, өз күшін есептемей, «Әрі қарай өтуге болмайды!» деген белгіден өтетіндер баршылық. Соның көбісі – жастар. Тіпті, бір күнде 3-4 адамды жағадан алыс кетіп қалған жерінен құтқарып қалатын кездеріміз жиі болады. Катермен жүзіп, күзетіп жүреміз. Жеті жағажайды тоқтаусыз аралап шығамыз. Біз қайырылып келемін дегенше, арнайы белгіден өтіп кетіп, суға бата жаздағандарға әзірге тыйым болмай тұр. Өз басының қауіпсіздігін сақтау үшін демалушылар белгіден өтпеуі тиіс. Біз мұны сан мәрте ескерттік те. Бірақ ескертуге құлақ асқысы келмейтіндер табылады.
Осындай бірнеше оқиға былтыр 1 шілде күні болды. Сол күні оңтүстіктен жел соғып тұрды. «Жаз жайнатып, күн күлдіріп» жүрген демалушылар мұны елер емес. Кенет жағадан тым алыстап кеткен үрлемелі матрасқа жабысқан адамды байқап қалып, бағытты дереу солай қарай бұрдық. Сағат 15.55-тер шамасы болатын. №6 қалалық жағажай ауданы маңы. Жағадан 250 метрдей қашықтықта үрлемелі матраспен бірге жел екпінімен өзін-өзі бағындыра алмай қалған 25 жастағы жігітті аман-есен құтқарып қалдық. Ол өз күшімен жағаға кері қайтуға қанша талпынғанмен, онысынан түк шықпапты.
Сол күні сағат 19.00-де №7 қалалық жағажай ауданында 22 және 24 жастағы екі жігітті құтқаруға тура келді. Үш жас жігіт жағадан 400 метр қашықтыққа ұзап кеткен екен. Бірінің суда аяғы тартылып қалып, байбалам салған. Ал екіншісі өз күшін есептемей, тұншығып, суға бата бастаған. Үшінші жігіт достарының қайсысына көмектесерін білмей, абдырап қалған. Оған қоса суға батып бара жатқан адамға көмектесемін деп, өзі де батып кеткен көп оқиғаны естіп, сескенгенін де жасырмады. Сосын бар даусымен көмек сұрап, айғайлай бастапты. Біз оларға тыйым салынған аймаққа шығуға болмайтынын тағы бір мәрте қатаң ескерттік, – деп еске алды біз білмейтін батыр.
Оның былтыр 25 шілдеде сағат 19.45 минутта №7 қалалық жағажай ауданында жағадан 150 метр қашықтыққа ұзап кеткен 15 жасар қыз баланы суға батып бара жатқан жерінен құтқарып қалғаны тағы бар. Кәмелетке толмаған қыз бала суға жүзуге арналған дөңгелекті қуалап, жағадан қалай алыстап кеткенін байқамай қалыпты.
Ерлігімен көзге түскен Қуаныш Қайыржанұлы 2022 жылдың 19 қазанында Президент қолынан «Ерлігі үшін» медалымен марапатталды. Ол Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ Жедел құтқару жасағы Қонаев қаласының құтқару бөлімшесінің құтқарушысы болып қызмет етіп жүр.
Отбасындағы тәрбие
Қуаныш 1996 жылы Алматы облысының Балқаш ауданына қарасты Бақанас ауылында дүниеге келген. Ол Талдықорған қаласындағы №14 орта мектепте білім алған. 2011-2014 жылдар аралығында Талдықорған политехникалық колледжінде «Байланыс қызметі» мамандығын меңгереді. Кейіпкеріміз 2015-2019 жылдары Ө.Жолдасбеков атындағы Академияда «Қаржыгер» мамандығы бойынша білімін шыңдайды. Қуаныш Қайыржанұлы Азаматтық қорғау органдарына қызметке 2021 жылы келеді.
Қуаныштың әкесі Қайыржан Мәдибрайымов – Төтенше жағдайлар саласының ардақты ардагері. Жиырма жылдан астам уақыт Азаматтық қорғау қызметінде еңбек еткен жан. Қызметтік жолын қарапайым қатардағы өрт сөндірушіден бастап, Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Өрт сөндіру бөлімінің бастығы болып, біліктілігін көрсете білді. Азаматтық қорғау майоры шенінде 2018 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан ардагер ұлының мамандық таңдаудағы талғамына еш қарсылық көрсетпеді.
– Заман ағымына сай, бәлкім жастық шақтың жалыны болар, қаржыгер болсам дедім. Білім алып, қызмет етіп те көрдім. Алайда бала кезімнен қызметтік формада жүретін әкенің асқар бейнесі маған тым жақын болатын. Әке салған сара жолды жалғап, ата-анамның үмітін ақтау парызым деп білдім. Құтқарушы мамандығы жаныма жақын екенін ұқтым. Өз қызметімді ерекше құрмет тұтамын, – деді ол.
Анасы Лаура Досбаева медицина саласының маманы. Ал қарындасы Камила жергілікті мектептердің бірінде 8-сыныпта оқиды. Ол суға жүзу спортын қатты жақсы көреді.
Қуаныш та бала кезінен Бақанас ауылы іргесінен ағып өтетін Іле өзеніне шомылып өскендіктен, суда жүзуден алдына жан салмайды. Спортпен шұғылданып, үнемі физикалық формада жүруді әдетке айналдырған. Жедел құтқару жасағының әр құтқарушысы сүңгуірлік, альпинистік, жүргізушілік, құтқарушылық және алғашқы медициналық көмек көрсете алуы керек. Құтқарушылар бір бойына бес бірдей маманның қасиетін жинақтаған ардақты мамандық иесі, бүгінгі күннің нағыз батырлары.
Мамандығын мақтаныш тұтқан Жедел құтқару жасағының құтқарушысы Қуаныш Қайыржан әке ақылын тыңдап, ана мейіріміне қанып өскен азамат. Адалдық пен батылдықты бәрінен биік көретін әке тәлімі оған ерекше күш-жігер береді.
Төтенше жағдайлар саласында қызмет ету – командалық жұмыс істеуді талап етеді. Ауызбіршілік пен ұйымшылдық, батылдық пен тәуекелшілдік құтқарушыларды өзгеден ерекшелеп тұратын қасиеттер саналады. Жас құтқарушының алдағы уақытта әлі талай адамды апаттан құтқарып, елі үшін ерінбей қызмет ете береріне сенімдіміз.
"Қазақстан құтқарушылары" журналы, № 4(76), сәуір 2023 ж.