
2023 жылғы 16 маусымда Беларусь Республикасының Минск облысында ТЖМ Қайта даярлау және біліктілікті арттыру институтының базасында құтқарушылардың көпсайысы бойынша халықаралық жарыстар басталды.
Беларусь, Қазақстан және Ресей ТЖМ бірлескен алқасының тоғызыншы отырысының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес жарысқа Қазақстанның құтқарушылары қатысады. Команда Республикалық жедел-құтқару жасағының 9 құтқарушысынан тұрады.
Беларусь, Қазақстан және Ресей ТЖМ жедел-құтқару жасақтары арасында құтқару көпсайысы бойынша жарыстар іздестіру-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу дағдыларын жетілдіру, авариялық-құтқару құралдары мен техникасын пайдаланудың озық әдістерін меңгеру, іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу тәжірибесімен алмасу, жарысқа қатысушылардың кәсіптік даярлығын жетілдіру және дене шынықтыру даярлығын тексеру мақсатында өткізіледі.
Көпсайысқа «6х3000 м кросс-эстафета», «Кешенді күш жаттығулары», «Техногендік апаттар жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары», «Акваториядағы іздестіру-құтқару жұмыстары» және «Табиғи орта жағдайындағы іздестіру-құтқару жұмыстары» бойынша 5 қашықтықтан өту кіреді.
Жарыс 16-23 маусым аралығында өтеді.
Төтенше жағдайларды жою департаменті