Жуырда Қармақшы ауданында әкімдіктің мәжіліс залында «Су айдындарында суға шомылу кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы» брифинг өткізілді. Оның барысында Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Өмірбек Сақтабаев қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы ескертіп, жыл басынан бері су айдындарында қаза болғандар туралы мәліметке тоқталды. «Қармақшы ауданында су айдындарында 4 адам қаза болды. Қармақшы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің, №10 өрт сөндіру бөлімінің, Байқоңыр қаласы №8 өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері суға шомылу маусымына орай қауіпсіздікті сақтау бағытындағы үгіт-насихаттық жұмыстарды жүргізуде. Су айдындары жағасында демалып жатқан тұрғындарға үнпарақтар таратылуда. Сонымен қатар аудандық Полиция бөлімі және аудандық Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, рейд ұйымдастырылуда.»-деді спикер.
Ал, Қазалы ауданында аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Мәжілісте аудандық төтенше бөлімінің бастығы Алтынбек Қалиев «Жаз мезгілінде суға шомылу қауіпсіздік шаралары» тақырыбында баяндама жасады. Мәжіліс кезінде Жалғас Оңғарұлы сала басшыларына тиісті тапсырмаларды жүктеп, қатаң бақылауда болатынын айтты.
Сонымен бірге Қазалы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі, №9 өрт сөндіру бөлімі, Жастар ресурстық орталығының еріктілері бірлесе "Ашық есік күнін" өткізді. Олар өрт сөндіру бөлімінің тыныс-тіршілігін, өрт сөндіру құрал-жабдықтарын балаларға таныстырды. Мамандар төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету әдістерін көрсетті. Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу ережесін айтты.
Сондай-ақ, су айдындары жағасында Төтенше жағдайлар бөлімі, №9 өрт сөндіру бөлімі, Аудандық полиция бөлімі бірлесе рейд жүргізіп, көпшілікке су айдынындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
Осындай жұмыстар өзге де аудандарда жүргізілді. Мәселен: Жаңақорған ауданында азаматтық қорғау органының қызметкерлері тұрғындардың, оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің су айдындарында қаза болуының алдын алу мақсатында Сырдария өзенінің жағасында, каналдар мен аудан аумағы арқылы өтетін басқа да су айдындарында рейд өткізді.
Жазда кұрғақ шөптердің түрлі себептермен өртеніп кетуі де өзекті мәселелердің бірі. Осындай қауіптің алдын алу мақсатында Жаңақорған ауданындағы сығымдалған кұрғақ шөп таситын жүк көліктерінің көлік жүргізушілеріне Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері түсіндірме жұмысын жүргізді. Олар өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау туралы айтып, аталмыш автокөліктің жүргізушілеріне тақырыптық үнпарақтарды таратты.
Қызылорда облысы ТЖД