«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі Азаматтық қорғау саласында сел тасқыны, қар көшкіні және сырғыма қауіптерін алдын алатын арнайы мекеме болып саналады. Біз бүгін осы мекеме жұмысының қыр-сырымен танысатын боламыз. Аталмыш мекеменің тарихы тереңде жатыр.
1973 жылы 23 тамызда сел тасқыны және қар көшкіні қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің жанынан селден қорғау құрылыстарын салу және пайдалану жөніндегі бас басқарма – «Казглавселезащита» құрылды. Ал 1999 жылдан бастап «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі ретінде белгілі. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ведомстволық бағынысты кәсіпорны болып саналады.
Мемлекеттік мекеме қызметінің негізгі мәні және мақсаты Қазақстан Республикасының селдің, қар көшкінінің, сырғыманың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөніндегі шараларды жүргізуге және ұйымдастыруға қатысу, тиісті бақылау және құлақтандыру қызметтерімен қамтамасыз ету. Сондай-ақ Қазақстан Республикасын халқын, объектілерін және аумақтарын қауіпті табиғи жағдайлардың әсерінен (сел ағындарынан, қар көшкіндерінен, сырғымалардан) сенімді қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Мекеме селге, қар көшкініне және сырғымаға қарсы қорғаныс құрылыстарын салу, оларды пайдалану, апатты-қалпына келтіру жұмыстарын атқарады.
Қазіргі таңда «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесіне Бекенов Қайрат Әскербекұлы басшылық етуде. Мекеменің құрамына филиалдар құқығында жалпы саны 525 адамнан тұратын 7 облыстық және аумақтық пайдалану-техникалық басқармалар кіреді. Олар: «Алматы қалалық пайдалану –техникалық басқармасы», «Жетісу Алатау аумақтық пайдалану басқармасы», «Іле Алатау аумақтық пайдалану-техникалық басқармасы», «Шығыс Қазақстан аумақтық пайдалану басқармасы», «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы», «Оңтүстік аумақтық пайдалану-техникалық басқармасы», «Абай аумақтық пайдалану басқармасы».
Мекеменің облыстық және аумақтық пайдалану басқармалары қауіпті табиғи құбылыстарға тұрақты мониторинг жүргізуге, сел, қар көшкіні, сырғымаға қарсы инженерлік құрылыстарды пайдалануға, сел тасқындарын болжаудың жаңа әдістерін енгізуге міндетті.
Қазақстан Республикасының таулы және тау бөктеріндегі сел қауіпті өзен бассейндерін және қар көшкіні қауіпті учаскелерін мониторинг жүргізу және бақылау 131 тұрақты және маусымдық гидрометеорологиялық бекеттермен (78 – жыл бойы, 53– маусымдық) теңіз деңгейінен 500-ден 3600 метрге дейінгі биіктіктер аралығында жүзеге асырылады.
Қауіпті табиғи құбылыстар мен төтенше жағдайлар, сондай-ақ төтенше жағдайларды жоюға бағытталатын алдын алу шаралары мен жұмыстар туралы мәліметтерді жинау, өңдеу және талдау тәулік бойғы жұмыс жасайтын 30 диспетчерлік пунктке деректер беріліп отырады. Қажетті жедел ақпараттар маусымдық желілік маршруттармен (жылжымалы бақылау пунктері) толықтырылады. Қазіргі таңда республика бойынша жалпы саны 24 қар көшкінін бақылайтын маршруттар және 6 су тасқын қаупі бар учаскелер бойынша маршруттар жұмылдырылған.
Мекеме теңгерімінде 70-ке жуық қорғаныс ғимараттары бар. Оның ішінде бөгеттер – 20 (10- бітеу, 10 - өтпелі), 49 қорғаныс бөгеттер (дамбылар) мен тұрақтандырылған өзен арналарындағы ғимараттар. Сонымен қатар, қар көшкініне қарсы Алматы қаласында және Шығыс Қазақстан облысында 2000-ға жуық қар ұстағыш қалқандары орнатылған.
Қазіргі уақытта мекеме сел қауіптілігі жоғары Алматы қаласына ағатын Ақсай және Үлкен Алматы өзендеріне, сонымен қатар Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Қорғас өзеніне сенімді сел ұстағыш бөгеттері салынуда.
Бұдан басқа, «Қазселденқорғау» мекемесі пайдалану бөлімшелері құтқару жұмыстарына, табиғи сипаттағы ТЖ салдарын жою жөніндегі апатты-қалпына келтіру іс-шараларына қатысады.
Сел тасқыны
Таралуы, қайталануы және жойқын әсері бойынша сел тасқыны елімізде қауіпті табиғи құбылыстары арасында аса маңызды болып саналады. Белсенділігі мен қуаттылығы бойынша Қазақстандағы сел көріністері аумақтың шамамен 13%-ын алады. 164 мың км2 экзогендік процестердің осы қауіпті түрінің пайда болу және жойқын әсер ету аймақтары болып табылады.
Мұнда 2700 мұздықтар, 970 мореналық және мұздық көлдер, сел тасқындарын қалыптастырудың 610-ден астам сел қауіпті учаскелері орналасқан. 9000-ға жуық объектілерге, елді мекендерге, коммуникацияларға және ауылшаруашылық жерлеріне тікелей қауіп төндіреді.
«Қазселденқорғау» ММ қызмет көрсету аймақтарындағы селге қарсы іс-шаралар кешенінің маңызды құрамдас бөлігі сел қаупін азайтуға бағытталған белсенді іс-шаралар. Осы мақсатта қауіпті мұздық және мореналық көлдерді профилактикалық босату (апаттық деңгейін төмендету) жүзеге асырылады. Олардың ақтарылуы жойқын гляциалды сел түзілуіне әкеледі. Жыл сайын «Қазселденқорғау» ММ аса қауіпті мореналық көлдерде алдын алу жұмыстарын жүргізеді. 2021 жылы 17, 2022 жылы 15, ал 2023 жылға 16 көл жоспарланған. Жүргізілген алдын алу іс-шараларының нәтижесінде көлдердің жай-күйі тұрақталып, ақтарылу қаупі азаяды.
Қар көшкіні
Қазақстан Республикасындағы қауіпті табиғи құбылыстардың ішінде қар көшкіні қайталануы және жойқын әсері бойынша екінші болып тұр. «Қазселденқорғау» ММ қызмет көрсету аймағында 600-ден астам қар көшкін қауіпті учаскелер бар. Олардың 200-ден астамы 200-ден астам түрлі объектілерге және 5000-ға жуық тұрғынға тікелей қауіп төндіреді.
Қар көшкінінен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін «Қазселденқорғау» ММ жару әдісімен беткейдегі қар жамылғысын өздігінен алдын ала түсіруге мәжбүрлейді. Қар көшкіні қауіпті кезеңде қар көшкіні жағдайына байланысты орта есеппен 100-ден аса қар көшкіні түсіріледі. Бұндай профилактикалық іс-шаралар «Қазгидромет» РМК «Шымбұлақ» қар көшкіні станциялары (СжС) мамандарының ұсынымы бойынша және тікелей қатысуымен жүргізіледі.
Қазселденқорғау қызметтері жыл сайын Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында қар көшкінінің жалпы көлемі шамамен 600 мың м3 болатын 140-тан астам қар көшкіні оқиғасын тіркейді. Қауіпсіз демалуды және көліктің тауларда және автожол трассаларында кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін арнайы мамандармен бірлесіп жалпы көлемі 500 мың м3 жуық қар көшкінін мәжбүрлеп түсіру бойынша (100-140) профилактикалық іс-шаралар жүзеге асырылады.
Бұдан басқа, қыс мезгілінде таулы өзендердегі, негізінен Алматы қаласы және облысындағы – сең жүру, мұз кептелістер, су бұрғыштардағы шлюздердің мұздануы, қатып қалуы және Ұзынқарғалы, Қаскелең, Нарынқол, Шарын, Сарқан өзендеріндегі басқа да табиғи қауіпті құбылыстарды бақылау және олардың салдарын жою жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.
Сырғыма
Соңғы жылдары таулы аймақтардағы сырғыма процестерінің жандануы табиғи және техногендік факторларға байланысты. Іле Алатауы жотасының солтүстік беткейінің орталық бөлігінде сырғыма түсу қаупі бар ондаған тұрғын үйлер, 50-ден астам саяжай массивтері, жекелеген елді мекендер («Көклайсай», «Горный садовод», «Таугүл» а/о, Көксеңгір тауы, Қызылжар тауының баурайы, жергілікті маңызы бар автожолдар және т.б.) тіркелген.
Алматы қаласының тау бөктері аймағында Медеу және Шымбұлақ демалыс аймақтарының тау бөктеріндегі учаскелері, Бутаковка шатқалы, Кеңсай массиві және Көктөбе таулары, «Широкая щел» саяжай учаскелері, «Сұңқар» МЛКТ және т. б. ықтимал қауіпті аймақтар болып саналады.
Жетісу Алатауында сырғыма қаупі төнген Текелі қаласының тұрғын ғимараттары мен Борохудзир өзен алабындағы учаскелер бар. Ал Шығыс Қазақстан облысында сырғыма қауіпті учаскелер Риддер қаласында, Глубокое, Зырян, Катонқарағай және Зайсан аудандарында бар.Түркістан облысында сырғыма процестері Қаржантау, Өгем, Майдантал және Талас Алатауы жоталарының таулы беткейлерінде кездеседі.
Адамдардың жаппай өмір сүретін аймақтарындағы, Алматы және Шымкент қалаларындағы, Алматы, Жетісу, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарындағы елді мекендер мен саяжайлар маңындағы сырғыма қауіпті учаскелерді жерүсті және аэровизуалды зерттеу деректері бойынша «Қазселденқорғау» ММ қызмет көрсету аймақтарында 1291-ден астам объектіге қауіп төндіретін 407 сырғыма қауіпті учаскелер бар (елді мекендер, жол учаскелері, жеке құрылымдар, коммуникациялар және т. б.). Сырғымаға тікелей әсер ететін аймақтарда 9100-ден астам адам тұрақты тұрады (демалушылар мен туристер есебінен адамдар санын көбейтуге болады).
Сел қауіпті объектілер мен сел ағындарын бақылаудың автоматтандырылған жүйесі жұмысының негізгі міндеті – ақпаратты талдау және жедел беру. Осы бағытта «Қазселденқорғау» басшысы Қайрат Бекенов мекемеде ситуациялық орталықты ұйымдастыру және мекеменің бақылау және құлақтандыру қызметінің автоматтандырылған мониторинг жүйесін құру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Аталмыш мекеменің қазіргі жалпы жұмыс барысы осындай.
«Қазселденқорғау» ММ мәліметі бойынша
"Қазақстан құтқарушылары" журналы, № 4(76), сәуір 2023 ж.