Ақтөбе облысында су объектілерінде қауіпсіздік шараларын күшейту туралы кеңес өтті

Ақтөбе облысында су объектілерінде қауіпсіздік шараларын күшейту туралы кеңес өтті

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен кеңесте су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және егіс науқанының барысы мәселелері қаралды.

Оған мемлекеттік органдардың басшылары, аудан әкімдері бейнеконференц-байланыс режимінде қатысты.

Кеңесті аша отырып, облыс әкімі биылғы жылдың 1 маусымында Елек өзенінде суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалған 9-сынып оқушысы Қолқанат Баққұлға алғыс хат пен бағалы сыйлық табыстады. Ол кішкентай баланы жағаға шығарып, оған алғашқы медициналық көмек көрсеткен. «Сен нағыз батырсың! Ержүрек батылдығың үшін саған және нағыз батырды, еліміздің болашағына бей-жай қарамайтын рухы берік азаматты тәрбиелеген ата-анаңа риясыз алғысымды білдіремін», - деп Ералы Тоғжанов атап өтті. Оқушының анасы облыс әкіміне елеп-ескергені үшін өз алғысын білдірді.

ТЖ департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев 1 маусымнан бастап облыс бойынша 67 жағажай, оның 18-і Ақтөбе қаласында жұмыс істей бастағанын баяндады. Бұл ретте облыс орталығында бір ғана коммуналдық жағажай жұмыс істейді. Осыған байланысты Ақтөбе су қоймасы, «Абрикос» бау-бақша ұжымы және Тұрғындар қалашығында тағы үш коммуналдық жағажай ашу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жағажайларда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін құтқару курстарынан 64 адам өтіп, тағы 24 адам оқуын жалғастыруда. Жағажайларды құтқару құрал жабдықтарымен қамтамасыз етілуі жалпы 94,3% құрайды. Су айдындарында адам өлімінің алдын-алу жөніндегі іс-шаралар шеңберінде сүңгуірлер тобымен жағажайлардың су түбі әр түрлі қоқыстардан тазартылды. Шомылуға тыйым салынған жерлерде 203 тыйым салу белгісі орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Өңір басшысы уәкілетті мемлекеттік органдарға профилактикалық жұмыстарды, су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын жандандыруды, балаларды жүзуге жаппай оқытуды қамтамасыз етуді, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде шомылу, алкоголдік ішімдіктер ішу, балаларды қараусыз қалдыру және т.б. су объектілеріндегі құқық бұзушылықтарды анықтауды күшейтуді тапсырды.