Елордалық ТЖД судағы қауіпсіздікті сақтауға шақырады

Елордалық ТЖД судағы қауіпсіздікті сақтауға шақырады

Статистикаға сәйкес, судағы өлім жағдайларының шамамен 80%-ы азаматтардың мас күйінде шомылуы, сондай-ақ жабдықталмаған және тыйым салынған жерлерде шомылуы салдарынан болады. Жағажайдағы жүріс-тұрыс ережелері туралы ұмытпаған жөн. Жаздың ыстық күндерінде жағажайда демалушылардың саны  1000-ға дейін жетеді. Сондықтан суда қауіпсіз демалу өзінің тәртібіне және азаматтардың "Судағы жүріс-тұрыс ережелерін" орындауына байланысты.

Шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласының әкімі "Шомылу маусымы кезеңінде Астана қаласы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспарын" әзірлеп, бекітті.

Күн сайын рейдтік іс-шараларға құтқарушылар, полицейлер, еріктілер, жұмыспен қамту орталығының қоғамдық қызметкерлері жұмылдырылды, олар шомылуға рұқсат етілген орындар және судағы қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау туралы азаматтарды хабардар ету арқылы шомылу кезеңінен қауіпсіз өтуге дайындықты белсенді жүргізеді.

Елордада "Шомылуға рұқсат етілген су айдындарының учаскелерін анықтау туралы" Астана қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 14 қыркүйектегі № 1-2553  қаулысына сәйкес ағымдағы жылы ресми түрде шомылуға арналған 4 орын  рұқсат етілді: Орталық жағажай, "Три пескаря", "Столичный двор" демалыс орындары және Ш.Бейсекова көпірі ауданындағы коммуналдық жағажай.  Су айдындарының рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелерінің тізбесі "2gis" картографиялық платформасында орналастырылған.

Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және төтенше жағдайлар қаупі төнген немесе туындаған кезде тиімді басқару шешімдерін қабылдау мақсатында шомылуға тыйым салатын 21 учаскеде қосымша бейнебақылау камералары орнатылды.

Шомылу кезеңінде күнделікті патрульдеуге 50 сүңгуір-құтқарушы, 15 бірлік сүңгуірлік жарақтары бар жедел-құтқару техникасы, 6 бірлік жүзу құралдары (2 кеме, 4 қайық) тартылған.

Суға шомылу маусымы 1 маусымда ашылды. Арнайы жабдықталған орындарда: жағажайларда, бассейндерде және құтқарушылармен патрульдейтін орындарда шомылу керек. Қауіпсіз шомылуға арналған төменгі температура шегі: сау шыныққан адамдар үшін су +18°С, ауа температурасы + 22°С, балалар мен денсаулығы әлсіз адамдар үшін мұндай температурада шомылу денсаулық пен өмірге қауіпті.

Астана қаласы ТЖД ескертеді:

Суда болған кезде буйкадан асып жүзбеңіздер, мас күйінде шомылмаңыздар. Есіңізде болсын: судағы жазатайым оқиғалардың 80% осы себептен орын алады, балаларды қараусыз қалдырмаңыздар, су қоймаларының жанында және таныс емес жерлерде шомылмаңыздар. Жүзуге арналмаған заттарды пайдалануға болмайды (автомобиль камералары, пенопласт, пластикалық бөтелкелер және т.б.). Бейтаныс жерлерде жалғыз шомылуға болмайды.

Жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, судағы қауіпсіздіктің негізгі ережелерінің сақталмауына байланысты адам өлімі фактілері бар. Мәселен, 2022 жылы елорданың су айдындарында 6 адам суға батып кетті, оның ішінде 5 бала. Ағымдағы жылда суда қаза болудың 1 жағдайы тіркелді. Адам өлімінің барлық фактілері суға шомылуға тыйым салынған және жабдықталмаған су айдындарында тіркелген. Балалардың өлімінің негізгі себептері ересектердің қарауынсыз, жабдықталмаған жерлерде шомылу болып табылады.

Астана қ. ТЖД баспасөз қызметі