Өз ісінің үздігі Жамбыл облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды

Өз ісінің үздігі Жамбыл облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды

Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Тараз қалалық №3 өрт сөндіру бөлімінде азаматтық қорғау старшинасы Алимкулов Бауыржан Ерғараұлы 4 маусым ҚР Рәміздер күні қарсаңында Жамбыл облысының әкімі Н.Нұржігітовтің алғыс хатымен марапатталды.  Марапаттау рәсімі Тараз қаласындағы Президент саябағында өткізілді. 

Бауыржан Ерғараұлы 2004 жылдың сәуір айынан бастап өзінің өмір жолын өрт сөндіру саласымен байланыстырған жан. Алғашында Тараз қалалық темір жол ауданындағы №4 өрт сөндіру бөлімінде (қазіргі Тараз қ. №3 өрт сөндіру бөлімі) аға респираторщик лауазымынан бастаған ол, 2014 жылдан бері аға өрт сөндіруші-құтқарушы лауазымында қызмет атқаруда.

Дәл осылай, өзі ең алғаш қызмет жолын бастаған өрт сөндіру бөлімінде  табан аудармай қызмет атқарып келе жатқан Бауыржан Алимкулов салада 19 жылдан астам қызмет атқарған. Ол әрдайым күрделі қызметте жұмыс атқару барысында түрлі сипатағы өрттер мен төтенше жағдайлардың бел ортасынан табылып келеді. Ендеше, осындай оқиғалардың біріне тоқтала кеткен артықтық етпес.

2021 жылдың 2 қыркүйегінде 18.45-те бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметіне Тараз қаласындағы 2 тұрғын үйдің шатыры, жазғы асхана мен монша шатырларының өртенуі туралы хабар түседі. Оқиға орнына жеткен от жауынгерлері ашық жалынның жазғы асхана мен монша шатырына, қос үйдің шатырларына шарпығанын анықтайды. Ал өрт аумағы  250 шаршы метрді құраған. Барлаудан кейін І-ші бөлімше жауынгерлік қанат жайып, үйдің жазғы асханасы мен моншаның шатырындағы өртке кіріседі.  Ал бұл кезде Бауыржан Алимкулов екінші бөлімшені басқарып, жауынгерлік қанат жаю әдісін қолданып, өрттің өзге аумаққа жайылуына жол бермей, сатының көмегімен көрші үйдің шатырындағы өртпен арпалысқа түсіп, қызыл жалынның бет шарпитын ыстығына қарамастан, өртті ауыздықтайды. Осылайша, дұрыс шешім мен  сауатты басшылықтың арқасында, яғни Бауыржан Алимкулов секілді өз ісінің үздіктерінің еңбегінің нәтижесінде ешбір жан зардап шекпей, шатырдағы өрт толық сөндірілген. Бауыржан Ерғараұлы бүгінде 59-дан астам марапаттарды иеленген өз саласының үздігі. 

Жамбыл облысы ТЖД

Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің

Қоғаммен байланыс тобы