
Командалық-штабтық оқу-жаттығулар шеңберінде №27943 әскери бөлімнің базасында әскери қызметшілерге жер сілкінісі болған жағдайда ден қою және мінез-құлық қағидалары үйретілді. ШҚО ТЖД және Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері теориялық тұрғыдан нұсқау беріп, іс жүзінде арнайы жабдықтар мен авариялық-құтқару құралдарының көмегімен шұғыл жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы шеберлік сағатын өткізді. Барлығы 70-тен астам әскери қызметші оқудан өтті.
Жойқын жер сілкінісі болған жағдайда ғимараттар мен құрылыстарды үйінділерден тазалау, іздеу жұмыстарын жүргізу, зардап шеккендерді құрсаудан шығару және тасымалдау жағдайлары егжей-тегжейлі қарастырылып, түсіндірілді. Алғашқы медициналық көмек көрсету әдістері де көрсетілді.
"Әскери қызметшілерді оқыту өте маңызды. Төтенше жағдай жарияланған жағдайда жеке құрам құтқарушылармен бірлесіп халыққа көмек көрсету және оның зардаптарының салдарын жоюға қатысады. Барлық әскери қызметшілер қойылған міндеттерді орындады", - деп ШҚО ТЖД бастығы орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Руслан Орынбеков атап өтті.
ШҚО ТЖД баспасөз қызметі