
Көкшетау қаласында ақмолалық құтқарушылар салтанатты түрде 30 жаңа шақырылушарды Отанға қызмет етуге аттандырды. Салтанатты шара Көкшетау қаласының 2-МӨСБ аумағында өтті, оған Азаматтық қорғау колледжінің, қорғаныс істері департаментінің басшылығы, әскери бөлім өкілдері мен әскерге шақырылушылардың ата-аналары шақырылды, – деп хабарлайды Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 25 ақпандағы «Қазақстан Республикасы ТЖМ азаматтық қорғанысының әскери бөлімдерін жасақтауға арналған әскерге шақырылушыларды іріктеуді және зерделеуді ұйымдастыру туралы» бұйрығына сәйкес, сондай-ақ Б.Момышұлы атындағы ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімін толық және сапалы жасақтау мақсатында ұйымдастырылды. Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментімен ҚР ТЖМ әскери бөлімшелеріне жастарды шақыру бойынша іс-шаралар кешені өткізілді.
Жұмыс қорытындысы бойынша ҚР ТЖМ бөлімшелерінде мерзімді әскери қызмет өткеру үшін 30 адам іріктелді.
Іс-шара соңында Департамент бастығының орынбасары Қайрат Қасым әскерге шақырылушыларға лайықты қызмет атқарып, Отанына мақтанышпен оралуларын, сондай-ақ еңбектері еленіп, мақтауларға ие болуларын тіледі.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі