
2023 жылдың 18 мамырында Қарағанды қаласында облыстық «Жас құтқарушы» байқауының финалдық кезеңі өтті.
Ауқымды шараны Қарағанды облысының ТЖ департаменті білім басқармасы мен жергілікті атқарушы органдардың көмегімен ұйымдастырды.
Жарысқа 14 команда қатысты – қалалық және аудандық байқаулардың жеңімпаздары.
Байқаудың мақсаты – өмір қауіпсіздігі мәселелерін, өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдыларын үйрету, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету, жеке және ұжымдық қауіпсіздік мәселелеріне саналы және жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, сондай-ақ құтқару кәсібін насихаттау.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті ТЖ жою басқармасының бастығы Нұржан Жақатаев пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Азамат Бөлкенбаев баршаға сәттілік пен адал жеңістер тіледі.
Бір күн ішінде 14 команда күрделі тәжірибелік кезеңдерден өтіп, теориялық сайыста біріншілік үшін күресті.
Байқау бағдарламасы «Визит картасы», «Алғашқы медициналық көмек», «Жауынгерлік қанат жаю», «Су айдынындағы авариялық-құтқару жұмыстары», «Өрт эстафетасы», «Судағы құтқару жұмыстары» және «Газет-жарнама қалқаны» кезеңдерінен тұрды.
Жарыстың барлық кезеңдерінің қорытындысы бойынша бірінші жалпыкомандалық орын мен жеңімпаз кубогын Балқаш қаласының М.Русаков атындағы мектеп-интернатының командасы жеңіп алды. Екінші жалпыкомандалық орын Осакаров ауданының «№12 ресурстық орталығы» командасына берілді. Қиын күресте үшінші орынды Абай ауданының Абай атындағы жалпы білім беру мектебінің командасына бұйырды.
Сонымен қатар командалар жеке кезеңдерден өту нәтижесі бойынша да марапатталды. Жеңімпаз командалар мақтау қағаздарымен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жеңімпаз команда Республикалық «Жас құтқарушы» слетіне қатысады.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті Қарағанды қаласының саябақтар бөліміне ауқымды шараны өткізуге көмектескені үшін шексіз алғысын білдіреді.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі