Республика бойынша су тасқыны ахуалы туралы ақпарат

Республика бойынша су тасқыны ахуалы туралы ақпарат

Ақмола облысында қардың қарқынды еруі салдарынан Қалқұтан және Жабай өзендерінде су деңгейінің көтерілуі орын алды. Қалқұтан өзенінде су деңгейі 4,04 метрді құрады, сыни белгі 3,48 метр. Осыған байланысты өзен арнасынан су шығып, Астрахан ауданы Старый Колутон ауылының тұрғын үйлерін су басу қаупі туындады. Құтқарушылар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрғын үйлерді су басуға жол бермеу бойынша шаралар қабылдауда. Тұрғын үйлердің аулаларында инертті материалдары бар қаптарды төсеу, аула маңындағы аумақтардан суды сору жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 400 дана қап дайындалды және төселді, 500-ден астам текше метр су сорылды. ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдары 20 адам, 5 бірлік техника және 1 мотопомпа жұмылдырылды.

Ал Жабай өзеніндегі су деңгейі 3,4 метрді құрады, сыни белгі 3,45 метр.

Бүгінгі күні құтқарушылар мен жергілікті атқарушы органдар 20 метр жер бөгетін нығайту, инертті материалдары бар 150 қап төсеу және аула аумақтарынан 1300 текше метр суды сору бойынша жұмыстар жүргізді. Осы жұмыстарға 32 адам, 14 бірлік техника және 1 жүзу құралы жұмылдырылды. Су басуы мүмкін аймақта 87 тұрғын үй орналасқан, онда 248 адам тұрады. Халықты су басу аймақтарынан эвакуациялау үшін 400 адамға арналған халықты уақытша орналастыру пункттері дайындалды.

Сонымен қатар, қазіргі уақытта қардың тез еруіне байланысты еліміздің аумағында автожолдар арқылы 9 еріген қар суы ағысы орын алды (Ақмола-5, СҚО-3, Қарағанды-1).

Оның салдарынан 7 елді мекен негізгі автокөлік қатынасынсыз қалады, Ақмола облысында – 6 (Новомариновка, Сепе, Есенкелді, Титовка, Ягодное, Сочинское ауылдары) және Қарағанды облысында - 1 (Нығман ауылы). Бірақ балама жолдар бар.

 

ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі