Өрт сөндіру бөлімшесінде тағдыр қосқан ерлі-зайыптылар

Өрт сөндіру бөлімшесінде тағдыр қосқан ерлі-зайыптылар

Азаматтық қорғау органдарында қызмет атқарып келе жатқан ерлі-зайыптылар саусақпен санарлық. Осы салада ерлі-зайыптылардың бірге қызмет етуі үлкен шыдамдылықты, күш-қайрат пен жігерді талап етеді. Атбасар қаласындағы №4 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінде қызмет пен отбасын бірге алып жүрген жас отбасы бар – олар Талғат пен Зарина Макушевтар.

Талғат пен Зарина Макушевтар Ақмола облысының Зеренді ауданының тумалары. Екеуі де азаматтық қорғау органдарындағы қызметін 2011 жылы бастаған. Қазіргі таңда Талғат Макушев аға инженері лауазымында еліне, қоғамға адал қызмет етуде.

- Әрбір өрт сөндіруші жұмыста болсын, мейлі жұмыстан тыс уақытта болсын адам өмірін өрттен арашалауға дайын болу керек деп ойлаймын, – дейді Талғат. Сондықтан да ол жеке құрамның жауынгерлік дайындығына ерекше назар аударады.

Талғаттың жұбайы Зарина радиотелефоншы болып қызмет етеді. «101» -ге түскен хабарламаларды қабылдап, көмек сұраған жерге дереу өрт сөндірушілерді жібереді. Талғат Заринаның қызметтегі де, өмірдегі де тәлімгері деп айтуға болады, демеу болып, білмеген жерін үйретуден жалыққан емес.

Ерлі-зайыптыларды табыстырған, шаңырақ құруына себепші болған да осы қызметтері десек, артық айтқандық емес. Олар қызметтің қыр-сырын білгендіктен бір-бірін жақсы түсінеді. Қызметте қатал да талапшыл болғанмен, отбасыларында мейрімді де қамқор ата-ана.

Өрт сөндірушілердің арасында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар. Бұл – «өрт болмасын» деген сөз. Лайым солай болсын!

 

Ақмола облысының ТЖД баспасөз қызметі