Қарағанды облысында төрт жаңа өрт сөндіру бекеті ашылады

Қарағанды облысында төрт жаңа өрт сөндіру бекеті ашылады

Ақтоғай, Қарқаралы және Шет аудандарында төрт жаңа өрт сөндіру бекеті ашылады. Олар тілсіз жаумен жедел күресуге көмектеседі.

Жаңа өрт сөндіру бекеттері Ақтоғай ауданының Ақжарық ауылы мен Сарышаған кентінде, Қарқаралы ауданының Айнабұлақ ауылында, Шет ауданының Аққой ауылында орналасады. Бүгінгі таңда облыста осындай 45 бекет бар. Олардың басты міндеті – табиғи өртке жедел ден қою.

Қарағанды облысы ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов өз сөзінде табиғи өртке ден қою үшін Департаментте штаб және 200-ден астам адамнан тұратын 62 мобильдік топ құрылғанын атап өтті.

Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері жалпы есептегенде 350 алдын алу шаралары жүргізілді. Рейдтік іс-шаралар кезінде саяжай учаскелерінде құрғақ шөптер мен қоқыстарды жағу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 9 фактісі анықталды. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ, облыста табиғи өртпен күресу үшін 252 ерікті құралым жасақталды. Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев еріктілердің және өрт сөндіру бөлімдерінің материалдық-техникалық жарақтандыруын жақсартуды тапсырды.

Сонымен қатар, табиғи өртпен күресу үшін Қарағанды облысының ТЖ департаменті бес мультифункционалды өрт-құтқару автокөлігін, автотехникаға арналған бес ангар, бір автоцистерна және бір жедел-құтқару автокөлігін сатып алуды жоспарлап отыр.

 

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі