
2023 жылдың 11 мамырында «Эдельвейс» саяжайы аумағында дала өртін сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Өрт-тактикалық оқу-жаттығудың мақcаты: орман шаруалышығы қызметі, ерікті өртке қарсы құралымдар мен өрт сөндіру бөлімдерінің өзара бірлесіп әрекет жасау жұмыстарын пысықтау, төтенше жағдайларды жою кезінде басқа да құзырлы органдармен, арнайы қызметтермен бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес жұмыс дағдыларын жетілдіру.
Осы оқу-жаттығуға өртке қарсы қызметінен 8 автотехника, 40 қызметкер, Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен 3 автотехника, 15 адам, «Ақсуат» ауылдық округінің ерікті өртке қарсы құралымынан 1 автотехника, 15 адам, арнайы қызметтерден 3 автотехника, 10 адам жұмылдырылды.
Шартты өрттің жоспары бойынша: «Шіркейлі» каналының оң жағалауындағы ашық алаңға белгісіз біреулер от жақты. Желдің күшеюі салдарынан «Эдельвейс» саяжайына да өрттің қауіпі төнуі мүмкін. Қызылорда облысы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің өкілдері осы өрт туралы «101»-ге хабар берді. Хабар түсісімен қаланың гарнизоны мен арнайы қызметтері оқиға орнына жедел жөнелтілді. Сөйтіп, оқиға орнында жедел штаб құрылды. Оған қоса жауынгерлік қанат жайылып, 2 «Б» оқпанымен су берілді. "Эдельвейс" саяжайына қарай трактор жер жыртып, өрт жолақтарын салды. Өртенген аймақта қалып қойған екі қызметкер құтқарылды. Одан соң желдің әсерінен 2-ші және 3-ші өрт ошақтары пайда болып, олар да уақытылы сөндірілді.
Интернет және телефон байланысын жақсарту мақсатында оқиға орны маңында командалық-штабтық автокөлік орналастырылды. Саяжайға жақын маңдағы трассада Патрульдік полицияның қызметкерлері жол қозғалысын шектеді. Медицина мамандары зардап шеккендерге дәрігерлік көмек көрсетті, оларды жақын маңдағы ауруханаларға тасымалдады.
Осылайша көлемі 2 гектарды құраған өрт қызметтердің өзара жедел әрі бірлескен іс-қимылы арқасында толық сөндірілді.
Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметі