Алматы облысында тұрғындармен кездесу өткізілді

Алматы облысында тұрғындармен кездесу өткізілді

2023 жылғы 11 мамырда Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы Ибрагим Күлшімбаев Алматы облысының тұрғындарымен кездесу үшін Қонаев қаласына келді.

Сапар барысында жобалау компаниясының өкілдері Алматы облысы әкімдігінің ғимаратында Қонаев қаласында Алматы облысы ТЖ департаментінің ғимаратын салу жобасының тұсаукесерін өткізді. Сондай-ақ ТЖ министрінің міндетін атқарушы Ибрагим Күлшімбаев, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, облыстық мәслихат төрағасы Талғат Байеділов, Алматы облысы ТЖД басшылығы Қонаев қаласының орталық алаңында орналасқан Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, И.Күлшімбаев гарнизонның жеке құрамымен кездесті.

Алматы облысының тұрғындарымен кездесу барысында И. Күлшімбаев жаңа облыс орталығын өртке қарсы қорғауға, шомылу маусымында Қапшағай су қоймасындағы қауіпсіздікке, ТЖ алдын алу және Алматы облысының сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға қатысты өзекті сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар, И.Күлшімбаев өрт қауіпті және шомылу кезеңдерінен өту кезінде қабылданып жатқан шаралар халықтың қауіпсіздігінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Министрдің міндетін атқарушы азаматтарды ТЖ кезіндегі жүріс-тұрыс ережелерін сақтауға, ата-аналарды балаларды қараусыз қалдырмауға және олардың қауіпсіздігі бойынша шаралар қабылдауға шақырды.

Халықпен кездесу аясында И.Күлшімбаев ТЖ алдын алу және жою саласына қатысты мәселелер бойынша жүгінген азаматтарды жеке қабылдау өткізді, бұқаралық ақпарат құралдарына брифинг берді, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті, онда ведомствоның жұмысы, азаматтық қорғау жүйесін дамыту перспективалары, оның алдында тұрған міндеттерді шешу туралы айтты.

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі