
2023 жылғы 5 мамыр күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев 7 мамыр - Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған шарада БҚО ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау аға сержанты Данияр Тілекбайұлы Рахматалиевке «Ерлігі үшін» медалін табыс етті.
Данияр Тілекбайұлы азаматтық қорғау органдарында 2016 жылдың тамыз айынан бастап қызмет етеді.
2022 жылғы 3 желтоқсан күні Орал қаласы Гастелло көшесі, 42 мекенжай бойынша орналасқан бес қабатты үйдің пәтерінен өрт шыққандығы туралы хабарлама түседі.
Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндіру қызметі бес қабатты үйдің екінші қабатында шамамен 30 шаршы метр аумақта пәтердің жанып жатқанын анықтады. Көрші пәтерлерде тұрғындар, оның ішінде, өздігінен сыртқа шыға алмайтын кәмелет жасқа жетпеген балалар болды.
Азаматтық қорғау аға сержанты Д.Т. Рахматалиев газ түтінінен қорғау қызметінің буынына басшылық жасады.
Үйдегі тұрғындарды құтқару және эвакуациялау бойынша тапсырма қойылды. Данияр лаулап жанып жатқан пәтерден 1997 жылы туған тұрғынды тауып алып шықты.
Барлық жеке құрамның, сондай-ақ бөлімше командирі Данияр Рахматалиевтің батыл және шебер іс-әрекетінің арқасында 6 адам, оның ішінде 2 бала қауіпсіз аумаққа көшірілді. Өрт қысқа уақытта, пәтердің көрші бөлмелеріне таралмай оқшауланған болатын.
Күрделі жедел жағдайда азаматтық қорғау аға сержанты Данияр Рахматалиев кәсібилік, ерлік, салқынқандылық және табандылық, қауіпті жағдайда жұмыс жасай білетіндігін көрсетті.
Батыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі