
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес 2023 жылғы 5 мамыр күні өртті сөндіру кезінде көрсеткен қызметтік борышын орындағаны, батырлық пен жанқиярлығы үшін, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Абай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің "Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" РММ Семей қаласының №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі Исқақов Ермек Ержанұлы «Ерлігі үшін» медалімен наградталды
Награданы өрт сөндірушіге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев табыс етті.
Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 2 қаңтарда «101» пультіне Шәкәрім көшесінде 9 қабатты көппәтерлі үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен болатын.
Шақыру орнына келген кезде 5-қабаттағы пәтер ашық жалынмен жанып, сол жерден көмек сұрап айқайлағаны анықталды. Көршілердің айтуынша, бұл пәтерде 2018 жылы туған бала болған.
Пәтердің есігі құлыптаулы болды. Абай облысы ТЖД «ӨС ж АҚЖҚ» РММ Семей қаласының 1-МӨСБ қызметкерлері қабырға құрылымын талдау арқылы жалпы ауданы 5 шаршы метр жеке заттар, жиһаз, тұрмыстық техника және терезе блоктары өртенген пәтерге кірді.
Газ-түтіннен қорғау қызметі буынының басында Семей қаласының 1-МӨСБ бөлімшесінің командирі азаматтық қорғау аға сержанты Ермек Исқақов түтінді пәтерге кіріп, еденде жатқан баланы тапты.
Өміріне қауіп төнетініне қарамастан, ол масканы шешіп, оны балаға кигізді. Ермек баланы қолына көтерін, оны жанып жатқан пәтерден шығарып, жедел жәрдем қызметкерлері келгенше дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек көрсетті. Содан кейін оны дәрігерлерге берді.
Жеке құрамның, оның ішінде азаматтық қорғау аға сержанты Ермек Исқақовтың үйлесімді және жедел іс-қимылдарының және күштер мен құралдарды дұрыс орналастырудың арқасында бұл өрт қысқа мерзімде оқшауланып, сөндірілді.
Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі