
Ғаламдағы ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші қызметі. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Құтқарушы мамандығында қызмет атқаратын қызметкер міндетті түрде ер жүректі, төзімді, физикалық тұрғыдан дайын, сонымен қатар теориялық білімі мен өртпен күресуде практикалық дағдысы болуы керек. Өмір мен өлімнің арасында жүріп, ел үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген қызметкерлерімізді мақтан етуге тұрарлық.
Бұл қасиеттердің барлығын Т.Рысқұлов ауданы №10 Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау сержанты Есеев Самат Қошқарбекұлының бойынан көруге болады.
Оның бала кезіндегі арманы құтқарушы болу болатын. Өзінің сүйікті мамандығында қызмет атқарып келе жатқанына 8 жыл болыпты. Қызмет атқару кезінде өзін кәсіби сауатты және жауапкершілігі мол қызметкер ретінде танытты. Қарамағындағы қызметкерлерге ізетті, кішіпейіл, талапшыл. Аудан көлемінде болып жатқан өрт сөндіру және авариялық – құтқару жұмыстарында ізінен келе жатқан жас қызметкерлерге 8 жыл бойы жинаған кәсіби шеберлігімен және білімімен үнемі бөлісіп отырады. Ерлігі және ерен еңбегі үшін облыс, аудан атынан берілген марапаттары бар.
Мысалы, 2022 жылдың маусым айының 25-ші жұлдызында «101» телефонына 15 сағат 50 минутта Т.Рысқұлов ауданы Құлан ауылының жанында теміржол бойында 5 тонна сұйықтық газ тиеген жүк автокөлігінің өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. №10 Өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі азаматтық қорғау сержанты Есеев Самат техника қауіпсіздігін сақтай отырып дұрыс шешуші бағыт таңдап, жанындағы ғимараттар мен теміржолдардың өртке орану қаупінің алдын алу үшін жарылуға бірнеше минуттар қалған өртті толықтай сөндірген. Өрттегі шешуші бағытты нақты және дер кезінде қабылдаған С. Есеевтің шешімінің арқасында ғимараттар мен теміржолдар өрттен аман қалды.
Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару
жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобы