
Құтқарушылардың жұмысының қауіп-қатері көп. Олар күн сайын адамдардың өмірін сақтап қалу, көмек көрсету үшін кез-келген төтенше жағдайда әрекет етуге үнемі дайын.
Көптеген құтқарылған адамдар өздерінің құтқарушыларын қиын, қажырлы еңбегі үшін алғыс сөздерімен еске алады. Өйткені, құтқарушылардың көмегін асыра бағалау қиын. Құтқарушыларға мәңгілік алғыс, ризашылық және төмен тағзым.
Қазақстанның үш өңірінде құтқарушылар құтқарылғандармен кездесті. Біз сізге осы әсерлі сәттер мен құтқару оқиғалары туралы айтып бермекпіз.
Қайрат Нұржаубаев жеке құраммен сабақ өткізіп жатты, кенеттен «Қайрат аға!», деген дауысты естіді. Ол бұрылып, анасы Сандыбай Әсеммен бірге келген қыз баланы қуана жүгіріп келе жатқанын көрді. Қайрат дені сау әрі бақытты қызды көргеніне ерекше қуанды, қонақтарға өрт сөндіру бөліміне экскурсия жасап, естелікке суретке түсті.
Бақытты құтқару оқиғасы 2022 жылғы 12 қазанда Наурызбай ауданындағы «Алма Сити» ТК 10 қабатты тұрғын үйінің тұрғындары сағат 15:14-те «101» пультіне қоңырау шалып, өрт туралы хабарлаған кезде орын алды.
Өрт сөндіру есептоптары келген кезде 3-қабаттағы пәтер ашық жалынмен жанып, кіреберістен қалың түтін шығып жатты, 3-тен 10-шы қабатқа дейінгі баспалдақ маршындағы қалың түтіннің салдарынан тұрғындар шыға алмай, тұншығып қалуы мүмкін еді.
Барлау барысында бөлімше командирі Қайрат Нұржаубаев пен оның әріптестері өмірлеріне қауіп төндіргеніне қарамастан, жоғары температура мен нөлдік көріну жағдайында әрекет етіп, тұрғындарды құтқара бастады. Қайрат жанып жатқан көпқабатты үйге ондаған рет оралуға мәжбүр болды, ол Айсұлуды 7 қабаттан құтқарды. Пәтерде түтіннің әсерінен көріну нөлге тең болды. Қайрат ҚӘУЗ маскасымен қызды 7-қабаттағы пәтердің соңғы бөлмесінен тапты, үйде ересектер болмады. Оған құтқару қалпағын киіп, көшедегі қауіпсіз жерге, жедел жәрдемге дейін түсірді.
Жүргізілген құтқару операциясы барысында Нұржаубаев түтінді көпқабатты үйден 6 адамды құтқарды, оның үшеуі балалар.
Айта кету керек, азаматтық қорғау органдарында қызмет еткен жеті жыл ішінде бөлімше командирі, Алматы қаласы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің азаматтық қорғау аға сержанты Нұржаубаев Қайрат ондаған адамның өмірін сақтап қалды.
Астана қаласында да ұтқарылған балалармен әсерлі кездесу өтті. 2023 жылы 21 сәуірде елордалық ТЖД бастығы генерал-майор Қуанар Базарбаев араға 6 ай салып, өрт кезінде құтқарылған балалардың қал-жағдайын білу үшін жас бүлдіршіндердің отбасына келді.
«Өскелең ұрпақ біздің жарқын болашағымыздың кепілі, сондықтан біздің міндетіміз оларға қамқор болу»,- деді Қуанар Базарбаев.
Айта кетсек, 2022 жылғы 31 қазанда сағат 17:39-да Астана қаласы ТЖД өрт сөндіру бөлімшелері Мәңгілік ел көшесіндегі көппәтерлі тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама бойынша шықты.
6 минуттан кейін келіп жеткен өрт сөндірушілер «Айсанам» он төрт қабатты тұрғын үй кешенінің жетінші қабатында қатты түтін пайда болған үйге келіп, пәтерде 40 шаршы метр аумақта үй заттары мен жиһаздар жанғанын анықтаған.
Жедел және үйлесімді іс-қимылдың арқасында елордалық өрт сөндірушілердің күшімен 13 адам, оның ішінде 9 бала құтқарылды.
Өртті сөндіруге елордалық ТЖД жеке құрамының 20 адамы және 5 бірлік техникасы жұмылдырылды.
Өз кезегінде құтқарылған екі баланың анасы Серік Қуан өрт сөндірушілерге шексіз алғысын білдіріп, нағыз батырлықты, ержүректілікті талап ететін мамандық иелеріне отпен күресте әрдайым жеңіске жетуін тіледі.
Құтқарушылардың жұмысы әрдайым қауіп-қатерге толы. Жауапкершілігі зор, күрделі мамандықтың иелері деп осы құтқарушылар аталса керек. Күнделікті әр шақыртуда адам өмірі мен олардың материалдық құндылықтарын құтқарып жатады.
Сондай оқиғаның бірі 2022 жылғы қыркүйек айында орын алған болатын. «112» қызметіне Байтұрсынов көшесінде орналасқан көп қабатты тұрғын үйдің пәтерлерінің бірінде тұрғындары есікті ашпай жатқандығы туралы хабарлама келіп түсті. Тез арада жедел-құтқару жасағының құтқарушылары шақыру орнына жетіп, есікті слесарлық құралдармен ашқан кезде иісті газға уланып қалған 4 адамнан тұратын бір жанұя ес-түссіз жатқандығын анықтап, оларды қауіпсіз аймаққа, таза ауаға шығарып, алғашқы көмек көрсетіп, «103» қызметіне тапсырады. Пәтердің терезелерін ашып, арнай мамандарға хабар береді. Құтқарушылардың дер кезінде кәсіби түрде әрекет етуінің арқасында бір отбасы аман қалды.
Бүгінде жедел-құтқару жасағының қызметкерлері қал-жағдайларын сұрау үшін бұл жанұяға арнайы барды. Кездесу барысында қайғылы жағдайдың алдын алған құтқарушыларға үй тұрғындары өз алғысын білдірді. Өз кезегінде құтқарушылар қауіпсіздік ережелері бойынша ескертіп, әрдайым сақ болуға шақырды! Құтқарылған адамдардың алғысы – еңбектерінің жемісі деп білетін құтқарушылар үшін бұдан артық марапат жоқ десек те болады.