Қостанай ТЖ департаментінде өрт қауіпті кезеңге дайындық туралы айтылды

Қостанай ТЖ департаментінде өрт қауіпті кезеңге дайындық  туралы айтылды

Қостанай облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Асланбек Теміровтің айтуынша, 5 сәуірден бастап өрт қауіпті маусым белгіленген. Облыста бір орман өрті және 12 рет 1,5 га аумақта шөптің жану жағдайлары тіркелді. Орманды дала өрттерінің негізгі себебі халықтың отпен абайсызда жұмыс істеуі болды.   

Орман шаруашылығы мекемелері мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың инженерлік құрамы мен басшыларымен 169 адамды қамти отырып, табиғи өрттердің алдын алу және сөндіру бойынша 17 оқыту семинары ұйымдастырылды.

Ғарыштық мониторинг арқылы өрт қауіпті кезеңнің басынан бастап 6 жылу нүктесі табылды және бастапқы кезеңде жедел сөндірілді.

Орманды дала өрттеріне ден қою үшін Департаменттің құрамында 160 адамнан тұратын күштер мен құралдар тобы, 31 бірлік өрт және инженерлік техника, 77 бірлік аспалы өрт сөндіргіштер және 632 бірлік импровизацияланған құралдар дайындалды.

Бұдан әрі спикер сөзін жалғастырды: «Жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің табиғат қорғау мекемелері арасындағы жауапкершілік аймағының заңнамалық аражігін ажыратуға қарамастан, ТЖД бөлімшелері облыс аумағындағы орманды дала өрттерінің алдын алуға және жоюға белсенді қатысады. Өрт қауіпті кезеңнің басынан бастап Департаменттің күшімен барлығы 10 шөптің жануы дербес жойылды, ауылдар мен ауылдық округтердің әкімдіктерімен бірлесіп 2 жану жойылды».

Қорытындылай келе, Асланбек Теміров қостанайлықтарға саяжай учаскелерінде қоқысты жағуға тыйым салу туралы ескертті, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшыларына рұқсат етілмеген ауыл шаруашылығы алқаптары, шөп өсімдіктерін жандыру бойынша әкімшілік жауапкершілік туралы еске салды.

 

Қостанай облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы