Ақмола облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Думан Далешов пен «Бурабай» МҰТП ММ Темнобор орманшылығының орманшысы Константин Бигелдинов Біржан сал ауданына жұмыс сапары барысында өрт қауіпті кезеңнің басталуы, өрттің алдын алу шаралары және арнайы белгіленбеген жерлерде от жаққаны үшін жауапкершілікке тартылу туралы айтып берді, – деп Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс аумағында 22 орман шаруашылығы орналасқан, оның 13-і жергілікті атқарушы органдарға бағынысты, үш ұлттық саябақ, алты басқа орман иеленушілері. Орман қорының жалпы ауданы 1 миллион гектардан асады. Өңірде табиғи өрттердің алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шаралар кешені жүргізілуде.
«Аудан орталықтарында рұқсат етілмеген от жағуды жүргізуді, сондай-ақ орман алқаптарында от жағуды анықтау бойынша рейдтік іс-шараларды жүзеге асыратын мобильді топтар құрылған. Өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер қарастырылған. Айта кету керек, өткен жылдан бастап Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізілуіне байланысты ескерту түріндегі шаралар алынып тасталды, қазір тек айыппұл салынады. Егер қоқысты жағу өрт қауіпсіздігі ережелерін бұза отырып жүргізілсе, жеке тұлғаларға шамамен 33 мың теңге көлемінде айыппұл салынады», – деп Думан Далешов атап өтті.
Айта кетейік, жергілікті полиция қызметі, табиғи ресурстар басқармасы, орман шаруашылығының аумақтық инспекциясы өкілдерінің қатысуымен рұқсат етілмеген от жағуларды анықтау, орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау бойынша 55 мобильді топ құрылды. Бұдан басқа, 210 ерікті өртке қарсы құралымдар бар, олардың қармағында қажетті техника мен өрт құралдары бар. Өрт қауіпті кезеңдегі жұмысқа азаматтық қорғау органдарының барлық күштері мен құралдары: 152 бірлік техника, 3 өрт-сорғы станциясы, 260 аспалы өрт сөндіргіш, 82 мотопомпа және 800 хлопушка жұмылдырылған.
Табиғи өрттердің алдын алу және жою мәселесі ерекше бақылауда.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі