Құтқарушы, спортшы және шығармашыл тұлға

Құтқарушы, спортшы және шығармашыл тұлға

Үсен Рахматуллаев Шымкент қаласы ТЖ департаментінің жедел-құтқару жасағының құтқару бөлімшесінің құтқарушысы.

Ол үздік құтқарушы, спортта да жетістіктері жетерлік, сондай-ақ  он саусағынан өнер тамған шебер, сегіз қырлы бір сырлы жан. Талайларды таудан да, судан да құтқаруда алдыңғы шептерден көрініп жүрген жас  маман. Оның адамдарды құтқару және оларға қиын сәтте көмек қолын созуға асығатын бұл қызметте аянбай еңбек етіп жүргеніне  он жылға жуық уақыт болды. Осы аралықта күнделікті авариялық-құтқару жұмыстарынан бөлек, он шақты ірі көлемді төтенше жағдайларды жою кезінде  12 адамды құтқару жұмыстарына қатысып, 100-ден аса адамды төтенше жағдай орын алған аумақтан  қауіпсіз жерге шығару жұмыстарын жүргізген.  Бұл еңбегі үшін де талай алғыс хаттар мен медальдармен марапатталған.

Үнемі белсенді, қызметтегі мүмкіндіктерін арттыру үшін талай тәжірибелі мамандардан білім алуға, үйреніп қалуға асығатын ол Оңтүстік Қазақстан облысының «ҚР «Альпинизм және спорттық құзға шығу»  федерациясының альпинистерінің қатарында шыңдарды бағындыру бойынша   3-санат дәрежесін орындаған, 2-сыныпты құтқарушы және 1-2 сүңгуір тобының 3-сыныпты сүңгуірі.  Мұның барлығына балалық шақтан бастап спортқа деген биімділігі үлкен септігін тигізгені анық. Үсен  грек-рим күресі бойынша спорт шеберіне үміткер. Құтқару қызметінде спорттың маңызын жоғару екенін білетін ол  жаттығуын  кейінге қалдырған емес.

Сондай-ақ үнемі өзінің рухани тұрғыдан  да дамуына көп көңіл бөлетін  Үсен Аятханұлы қызметтен тыс уақытта талай ізденістен кейін қазіргі заманауи үлгідегі түрлі сәнді сандықшаларды жасауды өзіне «хобби» еткен.

Ол кезекшіліктен тыс уақытта осы бір сүйікті  ісіне де, отбасына да барынша көңіл бөледі. Отбасында 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отырған ардақты әке, сүйікті жар. Сондай-ақ спортпен шұғылдануға да, біліктілігі мен білімін арттыруға да уақыт табады.  Ал біз өз кезігімізде осындай  білікті де, белсенді жастарымыз барда еліміздің болашағы жарқын екеніне кәміл сенеміз!

 

Шымкент қаласы ТЖД баспасөз қызметі