Ақмола облысының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне ұшу жасалды

Ақмола облысының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне ұшу жасалды

2 сәуірде ҚР ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, ІІМ ТЖК төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы және Ақмола облысы ТЖД бастығы Алексей Советов Ақмола облысының су тасқыны қаупі бар учаскелеріне ұшу жасады.

Ұшу барысында Аршалы, Целиноград, Атбасар, Астрахан аудандарының аумағына аэровизуалды тексеру жүргізілді. Нұра, Есіл, Колутон, Жабай, Шағалалы өзендерінің арнасы, Астана су реттегіші, Астана, Бесуат су қоймасы, преображенский су торабы, лиманды суару жүйесі, Айдабол бөгеті, Шағалалы су қоймасы тексерілді.

Көзбен шолып қарау кезінде облыстың су объектілерінде мұзды әлсіреуі байқалады. Шағалалы, Жабай, Есіл өзендерінде кей жерлерде қалдық қоршаулар, су нысандарының басым бөлігінде мұздағы су, беткейлер мен шұңқырлар байқалады. Жалпы өңірдегі су тасқыны жағдайы тұрақты және өзінің белсенді фазасына кіреді.

«Ақмола облысында біз Нұр-Сұлтан қаласынан Атбасар қаласына дейінгі су тасқыны жағдайын көрдік. Жалпы бүгінгі күні жағдай тұрақты. Өзендердің басым бөлігі мұз астында жатыр, сонымен қатар осы аптада күтіліп отырған температуралық фон жоғарылаған жағдайда, қарқынды еритін болады. Жалпы Атбасар, Талапкер және басқа да елді мекендер бойынша қазіргі уақытта су басу қаупі жоқ деп айтуға болады. Облыстың ТЖД жұмылдырылған күштері мен құралдары Талапкер және Жібек Жолы елді мекендеріне карантиндік іс-шаралар режимінде жіберілді. Республиканың оңтүстік өңірлерінен қосымша күштер мен құралдарды қайта шығаруға дайын. Апта соңында шешім қабылдаймыз», - деді Юрий Ильин.

Атбасар, Целиноград, Астрахан және Аршалы аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстарға 150-ден астам адам, 62 бірлік техника мен 15 мотопомпа жұмылдырылды. Облыста жағдай күрделенген жағдайда 2 500-ден астам адам және 1000-нан астам техника дайын тұр.

 

ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі