
Қызылорда облысы Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқандықтан аумақтағы ықтимал негізгі төтенше жағдайлардың бірі - су тасқыны болып табылады.
Қызылорда облысы аумағынан ағып өтетін Сырдария өзенінің жалпы ұзындығы 1 274 шақырымды құрайды. Өзен жағалауының оң жақ бетінде 380,37 шақырым, сол жақ бетінде 244,75 шақырым, барлығы 625,12 шақырымды құрайтын қорғаныс бөгеті бар.
Шардара су қоймасынан жіберілген мол суды облыс аумағындағы Сырдария өзенімен қауіпсіз өткізу мақсатында Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті "Казгидромет" РМК және "Қазсушар" РМК Қызылорда облысы бойынша филиалдарынан өзендегі судың деңгейі мен ауа райы туралы күнделікті ақпараттар алынып, Сырдария өзеніне мониторинг жұмыстарын жүргізді.
2022 жылғы 22 қыркүйекте «Қызылорда облысы аумағында 2022-2023 жылдардың қыс-көктем кезеңдеріндегі Сырдария өзенімен келетін мол суды қауіпсіз өткізуге дайындық жұмыстарын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспары» әзірленіп, оны облыс әкімдігі бекітті. Сонымен қатар жоспарға сәйкес берілген тапсырмаларды тиісті мекемелер уақтылы орындады.
Облыс аумағындағы су тасқыны кезеңі 2022 жылғы қараша айының 2-онкүндігінде басталды. Сырдария өзені бетінде мұз қату 3-5 желтоқсанда Арал, Қазалы, 9-14 желтоқсанда Қармақшы, 8-11 желтоқсанда Жалағаш, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында, 17-20 желтоқсан аралықтарында Шиелі, Жаңақорған аудандарында байқалды. Бүгінгі күні Сырдария өзені толықтай мұздан тазарды. Осы аралықта Департамент тарапынан бірқатар іс-шаралар атқарылды.
Жергілікті атқарушы орган және су шаруашылығы мекемесінің қызметкерлерімен бірлесіп, 4 рет тікұшақпен және қызметтік автокөліктермен күнделікті Сырдария өзеніне мониторинг жұмыстары жүргізілді.
Қалалық және аудандық бөлімдердің жеке құрамымен су басу қаупі бар елді мекендердің 18 530 тұрғынына төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу бойынша 7 206 түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы 4 рет өткізіліп, су тасқынына қарсы іс-шаралар мәселелері бірнеше рет қаралды.
Облыста 29 су басу қауіпі бар аймақтар анықталып, оған 368 арнайы техника және 1 083 адамы бар 136 жауапты мекеме бекітілді. Сондай-ақ, су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізу үшін құрамында 1 933 адам, 535 техника, 68 мотопомпасы бар азаматтық қорғау қызметтерінің күш- құралдары дайындыққа келтірілді.
Су тасқынына қарсы материалдық-техникалық қорлар бойынша 176,3 тонна жанар-жағармай, 185 252 дана қаптар және басқа да қорлар қалыптастырылды.
Су тасқыны кезеңінде халықты эвакуациялау үшін 59 эвакуациялық жинақтау пункті және 68 эвакуациялық қабылдау пункті дайындыққа келтірілді.
Сондай-ақ, «Қазгидромет» және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалдары Сырдария өзенінің арнасында 10 су бекеттері мен 4 су тораптарында су деңгейінің күнделікті мониторингін жүргізді.
Облыстың барлық аумағында өзен бойында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, ағымдағы жылғы 13 наурызда мұздың өту кезеңі аяқталды. Бүгінгі күні Сырдария өзені толықтай мұздан тазартылды.
Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметі