Ақтөбелік шенеуніктер бизнес-қоғамдастық, меншіктің барлық нысандарындағы ұйымдарды өз аумақтарынан қар шығаруда жауапкершілік танытуға шақырды

Ақтөбелік шенеуніктер бизнес-қоғамдастық, меншіктің барлық нысандарындағы ұйымдарды өз аумақтарынан қар шығаруда жауапкершілік танытуға шақырды

Бүгін Ақтөбе облысының әкімдігінде ағымдағы су тасқыны жағдайы туралы баспасөз мәслихаты өтті. Отырыс барысында Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жөребеков бизнес, ПИК, МИБ субъектілерінің қар шығаруға қатысты жауапкершілігі барын еске салды.

«Өздеріне тиесілі аумақтарды қардан өз бетінше тазалап, оны полигондарға әкетуге тиіс шағын және орта бизнес субъектілеріне менің айтарым бар. Бұл – олардың жауапкершілік аумағы. Бүгінгі таңда біз осы талапты орындамайтын шағын және орта кәсіпкерлікке қатысты мыңға жуық хабарлама жіберіп, бірнеше миллион теңгеге айыппұл салдық», - деп атап өтті қала әкімі.

Сондай-ақ, Мұрат Жөребеков ПИК пен МИБ-те де осындай жағдай байқалатынын мәлімдеді. Кооператив басшылары мен пәтер иелері қарды уақытылы шығару бойынша шаралар қабылдаудың орнына коммуналдық қызметтердің көмегіне сенеді.

«Көпқабатты үйлердің аулаларында тұрғындардың жүруіне кедергі келтіретіндей қар жиналып қалғанын көрдік. Еске салайын, бұл – пәтер иелері кооперативі пен мүлік иелері бірлестігінің жауапкершілігі. Біз жеке сектордағы жағдайды да бақылап отырмыз. Жеке үйлердің иелері үйлерін су басқанын айтып, көмекке шақырып, ассенизаторлар жіберуді сұрайды. Бейнежазбалар мен суреттерге қарасақ, бүкіл ауланың қарға толғанын көреміз. Бұл – олардың жеке учаскесі, қарды өздері шығаруға көмек беруі керек. Өкінішке орай, қажетті ресурстарымыз жеке секторға алаңдап қалып жатады. Негізі, біз арнайы техникаларды бұл уақытта шын мұқтаж адамдарға, көмек аса қажет басқа аумақтарға жіберер едік. Әлі де жеке сектордың аулаларында қар көп. Сондықтан ұйымдар мен үй иелерінен бұған ерекше назар аударуды сұраймын», - деп атап өтті қала әкімі.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі