
Елизавета Есенжігітова сейсмология ғылымы саласында 21 жылдай табысты еңбек етуде. Бүгінде ол геология-минералогия ғылымдарының кандидаты, ҚР ТЖМ сейсмологтары институтының жер қыртысының флюидтік режимі зертханасының меңгерушісі.
Алғаш рет өзінің еңбек жолын туған үйіндей болып кеткен Сейсмология институтымен байланыстырып, ары қарай жалғастыруда. 2002 жылы лаборант қызметінен бастап, артынша зертхананың 1-санатты инженері, жер қыртысының флюидті режимі зертханасының бас ғылыми қызметкері болды.
Сейсмолог ғалым қазіргі геодинамикалық процестердің және күшті жер сілкінісінің пайда болуының көрінісі ретінде жер қыртысы мен жер үсті атмосферасының флюидті режиміне іргелі зерттеулерді сәтті жүргізіп келеді. Ғалымның жетекшілігімен Тянь-Шань сейсмикалық белсенді белдеуінің геологиялық-тектоникалық жағдайындағы ірі жер сілкіністерінің орта мерзімді және қысқа мерзімді болжамдарының әдістері әзірленді.
Сонымен қатар, Алматы сейсмикалық аймағына әртүрлі деңгейдегі болжамды бағалау және күшті жер сілкіністерін болжау туралы қорытынды әзірлеудің болжамдық комиссиясына қатысады.
«Көптеген елдер жер сілкінісіне болжам жасаудан бас тартты. Сейсмология ғылымының бұл бағыты бұрынғы одақтың кейбір елдерінің қатарында біздің елімізде ғылыми институт ретінде сақталды», – деп Елизавета Есенжігітова бөлісті.
Ғалымның айтуынша, отандық сейсмологияның материалдық-техникалық жағдайына қарамастан, олар табиғаттың тылсым күштерінен пайда болатын жер сілкіністерінің іздену сипатындағы зерттеулерін жүргізуге мейлінше тырысуда. Қалай десек те, өз кәсібіңе деген рухани сүйіспеншілік пен жауапкершілік болмай, жақсы нәтижелерге жету қиын.
«Мен сейсмологияға кездейсоқ келдім. Мен үшін жер қыртысының табиғи құбылыстарын зерттеу өте қызықты. Өйткені, жер қойнауындағы құбылыстар өз алдына өзгеше әлем. Бұл жердің өткен өмірі қандай болды, бүгіні мен болашағы қалай болмақ? Бұл табиғат қойнауының құпиясы. Дегенмен де, табиғат тылсым күштерін зерттейтін бұл ғылымының болашағына сенемін. Күндердің күнінде адамдар бұл табиғи апат құбылысын зерттеу мәселесінің шешімін табады деп ойлаймын. Әсірісе, табиғи апат жағдайында адам шығынын болдырмау аса маңызды. Институттың зерттеу бағытында тәжірибе әлеуеті жетерлік. Біз табиғи апаттың алдын алуда халықты сейсмикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз ету үшін өзіміздің үлесімізді қосамыз деген үміттемін», – деп өз ойын білдірді.
ҚР ТЖМ Сейсмология институты