Апаттар медицинасы орталығының жедел әрекет ету тобының дәрігерлері тап болатын жағдайда жұмыс істеу кез келгеннің қолынан келе бермейді. АМО командасы улы газбен улану, әр түрлі ауырлықтағы күйік, ауыр өндірістік жарақаттар, биіктіктен құлау, өз-өзіне қол жұмсау әрекеттері, жаппай жазатайым оқиғалар және т.б. шақыртуларға шығады.
Алмагүл Алдабекова – ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығының Қарағанды облысы бойынша филиалының дәрігері. Тәжірибелі дәрігер жедел жәрдем қызметіне 2019 жылы келді.
Салыстырмалы түрде қысқа жұмыс кезеңінде ол өзін үнемі білікті маман ретінде көрсете білді.
Түркия Республикасында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын жоюға Қарағанды облысы ТЖД күштері мен құралдары тобының құрамында жалғыз әйел Алмагүл болды.
Барлығымен тең дәрежеде нәзік жанды әйел зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетуге атсалысты. Зардап шеккен 59 адамға жедел медициналық көмек көрсетті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 24 ақпандағы Жарлығымен Түркия Республикасында қызметтік борышын орындау кезінде жанқиярлығы, сондай - ақ төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін Алмагүл Алдабекова Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградасымен - "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды.
Алдабекова Алмагүл ұжымының қоғамдық өміріне белсене қатысады. Жолдасы екеуі 4 бала тәрбиелеп отыр.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі