«Көктем – 2023» РКШОЖ: Атырау облысында су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды жою бойынша іс-шаралар пысықталды

«Көктем – 2023» РКШОЖ: Атырау облысында су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларды жою бойынша іс-шаралар пысықталды

Атырау облысының аумағында «Көктем – 2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың практикалық іс-шаралары Қызылқоға ауданының Сағыз ауылдық округінде өткізілді.

Республикалық штабтан (Қарағанды қаласынан) түскен кіріспе бойынша тиісті іс-әрекеттер пысықталды.

Іс-қимылдарды үйлестіру және практикалық іс-шараларды өткізу мақсатында Қызылқоға ауданындағы оқу-жаттығудың практикалық іс-шараларына облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев және департамент бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Жанабаев қатысты.

Шартты түрде Сағыз ауылдық округінің аумағында су басу қаупінің алдын алу мақсатында, практикалық іс-шаралар шеңберінде жұмылдырылған бөлімшелер қауіпті учаскелердің бойымен 40-50 см биіктікке инертті материалдар салынған қаптарды төсеу арқылы жағалауды нығайту жұмыстарын жүргізді.

Осы командалық штабтық оқу-жаттығу барысында Қызылқоға ауданы Сағыз ауылдық округінің маңындағы Ноғайты өзенінің тасуы салдарынан туындайтын су басу қаупінің алдын алуға бағытталған іс-шаралар пысықталды.

«Көктем-2023» РКШОЖ өткізу жоспарына сәйкес барлығы 5 дабыл және 2 кіріспе келіп түсті, республикалық штабқа 27 хабарлама жіберілді.

Облыс аумағындағы оқу-жаттығуларға 154 адам мен 32 бірлік түрлі техника жұмылдырылды.

Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесі қызметтерінің басшыларына техниканы жарақтандыру, сондай-ақ авариялық-құтқару қызметтерінің құрамаларын жасақтау жөнінде бірқатар тапсырмалар берді және көктемгі кезеңде төтенше жағдайлар туындаған кезде жоюға дайын болуды ескертті.

Елімізде  2023 жылдың 2-3 наурыз күндері «2023 жылғы су тасқыны кезеңінде ТЖ жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын дайындау» тақырыбында «Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өткізілді. Оқу-жаттығудың басты мақсаты - көктемгі кезеңде кәсіпорындардың, мекемелер мен жергілікті атқарушы органдардың күш пен техниканың дайындығын тексеру болды.

 

 

Атырау облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы