
«Көктем-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу «Дабыл-1001» дабылынан басталып, жергілікті атқарушы органдары мен күштері дайындыққа келтірілді.
Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінде Дағдарыс орталығында су тасқынына қарсы іс-шараларды басқару бойынша жедел штаб ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу штабы су тасқыны жағдайы туралы деректерге талдау жүргізіп, қаланың басқару органдарын, қалалық азаматтық қорғау қызметтерін, күштер мен құралдарды әзірлікке келтіру жоспары іс-шараларының орындалуына бақылауды жүзеге асырды.
Су тасқыны жағдайының қолайсыз дамуы жағдайында штаб ТЖ жою жоспарларын, құтқару және басқа да шұғыл жұмыстарды орындау міндеттерін нақтылау бойынша жұмыстарды пысықтады.
Қаланың барлық жерінде ықтимал су тасқыны мен су басудың теріс салдарын болдырмау бойынша іс-шаралар ұйымдастырылып, суағарларды, өзен арналарын тазарту, жағалауды бекіту жұмыстары, су қоймаларындағы суды ағызу жұмыстары жүргізілді.
Қаланың жайлы ортаны дамыту басқармасының негізінде құрылған коммуналдық қызметтер қала аумағындағы Қосдиірмен, Қошқар-Ата өзендері бойында қоқыстан тазалау жұмыстарын жүргізді.
Бадам өзенінің арналары бойынша қауіпті бағыттарда тәулік бойы кезекшілік атқаратын бекеттер орнатылып, гидроқұрылыстардың жай-күйі тексерілуде. Сонымен бірге Жыланбұзған аулынан өтетін Бадам өзенінің жағасын нығайту жұмыстарын қалалық инженерлік азаматтық қорғау қызметі арнайы техникамен жүргізді.
Оқу-жаттығу аясында өткізілген нақты практикалық іс-шараға 23 техника мен 124 жеке құрам жұмылдырылды, 100 құм толтырылған қап пайдаланылды.
Су басуы ықтимал аймақтардан халықты эвакуациялау есептері, қауіпсіз эвакуациялау бағыттары, әрбір маршруттағы қозғалысты реттеу бекеттері нақтыланды.
Құтқару және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға тартылған техника ұйымдар мен кәсіпорындардың қорларынан жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз етілді.
Шымкент қ.ТЖД қоғаммен байланыс тобы