
Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен отырыста биылғы көктемгі су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайлардың алдын алуға дайындық мәселелері талқыланды.
Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Марғұлан Аманбаев қазіргі уақытта облыстың үш ірі су қоймасында көктемгі су тасқынын өткізуге арналған сыйымдылық қоры бар екенін баяндады. Атап айтқанда, Ақтөбе, Сазды және Қарғалы су қоймаларындағы су көлемі жобалық мәнінен 32%-дан 54%-ға дейін құрайды. Су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін жанар-жағармай, инертті материалдар қоры дайындалды, елді мекендерде қар шығару жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, тұрақты мониторинг жүргізуді, тасқын және еріген қар сулары ағып өтетін көпірлерді, арықтарды, өзен арналарын, гидротехникалық құрылыстар мен қорғау бөгеттерін тазалауды дайындауды тапсырды.
«Су тасқыны қаупі бар әрбір учаске, елді мекендер бойынша іс-шаралар жоспары қажет. Су тасқыны жағдайын бақылау басты назарда болуы керек», - деп Ералы Тоғжанов атап өтті.
Ақтөбе облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы