
2023 жылғы 5 қаңтар күні сағат 09-00-дегі жағдай бойынша Бортоғай су қоймасында қар құрсауынан 81 адам (оның ішінде 57 ер адам, 16 әйел және 8 бала) эвакуацияланды, 22 бірлік автотехника шығарылды. Оқиға орнында қалған 12 жүргізуші мен 16 бірлік автотехниканы эвакуациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. 16 автокөліктің 4-еуі сынып қалған. Қар құрсауында әйелдер мен балалар қалған жоқ.
ТЖ департаменті қызметкерлері, Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушы-фельдшерлері кептеліп қалған колоннамен бірге жүруде. Олар жоғары өтімді техникамен екі вахтовка автокөлігімен жылыту пунктін ұйымдастырған. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп жанар-жағармай, жылы көрпелер мен азық-түлік (түскі ас бокстары, бутербродтар, котлеттер, макарондар) жеткізу ұйымдастырылды.
Эвакуациялау жұмыстарын бүгін сағат 9-40-та Батанға жетпей 23-25 шақырымдағы жолға түскен үш қар көшкіні қиындатты. Автожолды тазарту "Қазселденқорғау" ММ және ЖҚБ-13 күштерімен жүргізіледі. Құтқару жұмыстарын Алматы қ. РЖҚЖ және Алматы облысы ТЖД күштері жүргізуде.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі