Өскеменнің тұрғындары көрсеткен батылдығы үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен марапатталды

Өскеменнің тұрғындары көрсеткен батылдығы үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен марапатталды

ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінде Өскеменнің тұрғындарына көрсеткен батылдығы үшін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі салтанатты түрде  табысталды.

ҚР Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Андрей Ильенков, Николай Саломаев және  Рустем Сарипов марапатталды. 30 қарашада 02 сағат 21 минутта Өскеменде  Бажов көшесіндегі тұрғын үйді от шарпыды. Төбенің, шатырдың ағаш құрылымдары, жиһаз, тұрмыстық техника мен жеке заттары өртенді. Өрт сөндірушілер келгенше жанынан өтіп бара жатқан куәгер  Рустем Сарипов отты байқап қалып, көрші тқратын Николай Саломаевты оятты, екеуі терезені сындырып, түтін басқан үйден 1984 жылы туған үй иесін тауып алды және қауіп аймағынан шығуға көмектесті. Осылайша өміріне араша түсті. Дәл осы түні қала тұрғыны Андрей Ильенков өрт сөндірушілер келгенше ерлік танытып Дальневосточная көшесіндегі түтінге оранған үй ішінен үш адамды алып шықты, оның біреуі бала еді.

«Қазақстан Республикасы ТЖ министрінің атынан көрсеткен батылдығыңыз үшін алғыс білдіреміз! Көмек қолын созу  - нағыз құрметке ие маңызды адами  қасиет. Осындай қадамға әркім бармасы анық. Біздің жерлестеріміз арасында осындай ерлердің бары қуантады. Өскелең ұрпақ үлгі тұтар азаматтар бар!» - деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығы Ерлан Нұрпейісов

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі