«Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың бірінші күні

«Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың бірінші күні

Бүгін, 2022 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінде «Қысқы кезең жағдайындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындау» тақырыбында «Қыс-2022» командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Оқу-жаттығудың жедел штабы Қостанай қаласында орналасқан. Оқу-жаттығудың жетекшісі ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі М.М. Күлдіков болып табылады.

«Қыс-2022» РКШО-ның бірінші кезеңі сағат 08:00-де басталды. «Дабыл-1001» сигналы бойынша Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштері, ТЖМ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының бөлімдері мен бөлімшелері дайындыққа келтірілді.

Қостанай облысы ТЖ департаментінің дағдарыс орталығының залында мемлекеттік органдардан (облыстық азаматтық қорғау қызметтері), республикалық оқу-жаттығу штабы мүшелерінен жедел топтар жиналып, оларға қойылған міндеттер жеткізілді. Республикалық азаматтық қорғау қызметтеріне, жергілікті атқарушы органдарға қиын қысқы жағдайларда жұмыс істеу үшін өздерінің авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының дайындығын тексеру міндеті қойылды.

Республикалық оқу-жаттығу штабының бастығы К.Н. Оразалиннің төрағалығымен басқару органдарының дайындығын айқындау үшін республикалық азаматтық қорғау қызметтерінің жедел топтарының барлық басшылары оқу бойынша функционалдық міндеттерді орындауға дайындығы туралы тыңдалды.

Республикалық азаматтық қорғау қызметтерімен, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияларымен бұдан әрі басқару тапсырмалары мен сигналдарын, іс-шаралардың орындалуы туралы ақпаратқа сұраныстар мен хабарламаларды беру үшін тұрақты байланыс орнатылды. Төтенше жағдайларды жою және бағынысты күштерге жағдайдың қолайсыз дамуы жағдайында функционалдық міндеттерді орындауға міндеттер қою жөніндегі іс-қимыл жоспарлары нақтыланды.

Оқу-жаттығудың екінші кезеңінде басқару органдарына «Қарғын–2002» басқару сигналы, дауылды ескерту және оқу-жаттығу тақырыбына байланысты тиісті кіріспе жеткізілді. Қазіргі жағдайды бағалау және төтенше жағдайдың салдарын жоюға шешім қабылдау кезінде басқару органдарының іс-қимыл алгоритмі пысықталды. Оқу-жаттығуды басқару штабының бастығы республикалық азаматтық қорғау қызметтерінің жедел топтарының басшыларын, ТЖ алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия өкілдерін тыңдады.

Түстен кейін Қостанай қаласындағы Қонай шағын ауданында облыстық шұғыл әрекет ету жиынтық жасағы құрылды. Түрлі қызметтердің қызметкерлері оқу-жаттығу жетекшісі, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Г.Нұрмұхамбетовтың алдына толық жауынгерлік дайындықта: 131 адам және 46 бірлік техникамен қатысты. Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Б. Кәрімов отрядтың қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындығы туралы баяндады.

Бұдан әрі оқу-жаттығу жоспарына сәйкес облыстық ТЖ департаменті көпқабатты тұрғын үйдегі аварияны жою бойынша практикалық іс-қимылдарды пысықтады, қыс мезгілінде облыстың автожолдарында ЖКО зардап шеккендерге медициналық және психологиялық көмек көрсету, жылыту пунктіне жеткізу үшін жолаушыларды эвакуациялау бойынша авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді.

Оқу-жаттығуға 27 бірлік техника мен жеке құрамның 94 адамы жұмылдырылды.

Бұдан басқа, оқу-жаттығу шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде ТЖ жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау бойынша командалық-штабтық жаттығулар, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құралымдарымен практикалық іс-қимылдар өткізіледі.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі