Ұйымдастыру нұсқауларына сәйкес 2022 жылғы 24-25 қараша аралығында Қазақстанда «Қысқы кезең жағдайындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындау» тақырыбында «Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізіледі.
Оқу-жаттығуды үйлестіру және басқару жөніндегі республикалық штаб Қостанай қаласында орналасатын болады.
Оқу-жаттығудың басталуы 2022 жылғы 24 қараша сағат 08:00-де: Гоголь көшесі, 79а, Өрт сөндіру қызметінің ғимаратындағы дағдарыс орталығы, 1-қабат.
«Қыс-2022» оқу-жаттығуы шеңберінде еліміздің барлық өңірлерінде ТЖ жою жөніндегі іс-қимылдарды, авариялық-құтқару қызметтерімен және азаматтық қорғау құралымдарымен практикалық іс-қимылдарды пысықтау үшін командалық-штабтық жаттығулар жоспарланған.
«Қыс – 2022» республикалық КШОЖ шеңберінде Қостанай облысы ТЖ департаменті және азаматтық қорғау құралымдарының оқу-жаттығуға тартылатын бөлімшелері ағымдағы жылдың 24 қарашасында Қостанай қаласында Қонай шағын ауданында авариялық-құтқару кезек күттірмейтін жұмыстарын практикалық орындау бойынша іс-қимылдарды оқу-жаттығу орнында пысықтайды:
Анықтама ретінде: оқу-жаттығу Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға жетілдіру, басқару органдарын, азаматтық қорғау күштері мен құралдарын қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қоюға дайындау мақсатында жүргізіледі.
Оқу – жаттығуларды дайындау мен өткізуге барлық Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі – облыстық, аудандық және қалалық азаматтық қорғау қызметтері, Қостанай облысы әкімдігі басқармаларының жедел топтары, қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары, ТЖ алдын алу және жою жөніндегі комиссиялар, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары, Қазақстан Республикасы ТЖМ және Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы бөлімшелері жұмылдырылған.
Оқу - жаттығу барысында мыналар жоспарланады:
- Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің аумақтық және салалық кіші жүйелерінің жұмыс істеу режимін қысқы кезең ТЖ қаупі төнген және туындаған кезде міндеттерді орындауға жоғары дайындық режиміне көшіру;
- көліктік магистральдар мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің жұмыс істеуін бұзу жағдайында бағынысты күштерді басқару бойынша АҚ мемлекеттік жүйесінің салалық және аумақтық кіші жүйелерінің жұмысындағы үйлесімділікті жетілдіру;
-құлақтандыру және байланыс жүйелерінің дайындығын, азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің барлық деңгейлерінде жедел кезекшілікті ұйымдастыруды, болжамды және диспетчерлік қызметтердің жұмысын, мониторинг жүргізуді, материалдық-техникалық, азық-түлік және медициналық резервтердің қорларын құруды тексеру;
- ТЖ алдын алу және жою жөніндегі комиссиялардың, азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының жедел штабтарының жұмысын ұйымдастыру;
- азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің және халықтың қыс мезгілінде ТЖ жоюға дайындығы мен қабілеттілігінің деңгейін арттыру.
Халықтың назарына!
«Қыс-2022» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын ұйымдастыру барысында облыс аумағында ТЖ қаупі туралы халықты электросиреналарды іске қосу және телеарналарды қармау арқылы хабардар етуді тәжірибелік пысықтау жүзеге асырылатын болады.
Азаматтардан тыныштықты сақтауды және ешқандай әрекет жасамауды сұраймыз.
Қостанай облысы ТЖД баспасөз қызметі