
2022 жылғы 15 қарашада түнгі сағат 1 қарай «112» пультіне Торғай ауылынан 40 шақырым жерде ауылдық автожолда «УАЗ» маркалы автокөлігінің балшық батпаққа батып кеткені туралы шақыру келіп түсті. Автокөлік салонында бес адам болған, олардың біреуі медициналық көмекке мұқтаж болған 2016 жылы туған қыз бала (іші қатты ауырған және дене қызуы жоғары болған).
Жангелдин ауданының ТЖ бөлімінің қызметкерлері мен «103» қызметкерлері оларды құтқаруға асықты. Қар мен жаңбыр түрінде жауған жауын-шашынның нәтижесінде Ахмет Байтұрсынов ауылынан келе жатқан көлік өтімділігі қиын учаскеде қалып қойған.
Құтқарушылар көп шақырымдық жолды жүріп өтіп, жолаушыларды оқиға орнынан эвакуациялады. Екі сағаттан кейін сағат 03:51-де жедел жәрдем көлігі Торғай ауылына келіп жетті және қыз баланы жергілікті ауруханаға жеткізіп, дәрігерлерге тапсырды.
Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға метеорологиялық қорытындыларды (оның ішінде Darmen қосымшасы бойынша) қадағалауды, ауа райы нашарлаған кезде елді мекендерден тыс жерлерге шықпауды ұсынады.
Қостанай облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы